Төрешілерге жұдырық ала жүгірген бапкер қызметінен шеттетілді

Редактор Penalty.kz
07.12.2024, 09:40

Кеше Ермек Маржықпаевтың туған ағасы Ақтаудағы жарыста төбелес шығарған болатын. 

kaz.inform.kz

5 желтоқсан күні Ақтау қаласында бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде Ақмола облысының спортшысы Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының өкілі Кенесарыәмір Маржықпаев кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен Ибрагимовтың пайдасына аяқталды.

Нәтиже жарияланған соң Астана қаласының жаттықтырушысы Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне қарсылық білдіріп, дауыс көтерді. Кейін ол төрешілермен төбелеске ұласты.

"Боксшылар әулетінің өкілі Ерік Маржықпаев көп ұзамай басқа мамандардан кешірім сұрады. Осыған орай, Қазақстан бокс федерациясы Ерік Маржықпаевтың мәселесі бойынша атқарушы комитеттің отырысын өткізіп, ҚР спорттық этикасының бұзылу мәселесін қарастырды. Отырыс нәтижесінде мынадай шешім қабылданды: Е.Маржықпаев бапкерлерді, төрешілерді, жарыс ұйымдастырушыларын құрметтемегені және ҚР спорттық этикасын бұзғаны үшін бокстан жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстардан 2 жылға шеттетілді" - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясының өкілдері.