Тағы бір қазақ UFC чемпионы атануға жол бастады!

Редактор Penalty.kz
25.12.2024, 10:25

Қазақстандық файтер Сабит Жүсіпов (16-3), ресейлік AMC Fight Nights ұйымының чемпионы, Америкадағы LFA (Legacy Fighting Alliance) лигасында өтетін жекпе-жекке қызу дайындық үстінде

Fight Nights

10 қаңтар күні Калифорния штаты, Лемур қаласында өтетін кештің басты айқасында ол бразилиялық Ари Фариаспен (14-4) қолғап түйістіреді.

Сабит Жүсіпов LFA додасында дебют жасайды

Prosports.kz-ке берген сұхбатында Сабит алғашында-ақ АҚШ-та өнер көрсетуге бел буғанын және ТМД аумағына қайта оралуды жоспарламағанын атап өтті. Осы қадамы үшін ол AMC Fight Nights белдігінен бас тартуға тура келген.

«Мен қазір Америкадамын. Жақын арада елге оралу ойымда жоқ», – дейді Жүсіпов.

Бүгінде ол Лос-Анджелестегі Black House MMA залында жаттығып, 65 келіге дейінгі (жартылай жеңіл) салмақта өтетін шайқасқа дайындалып жатыр.

«Жаттығуды енді ғана бастадым десем болады – тіпті кеше бастадым десе де артық емес. Жоспар бойынша баяулап, бірақ сенімді қадамдармен алғашқы жекпе-жегіме кірісудеміз», – деп бөлісті файтер.

Жүсіповтің айтуынша, LFA аясындағы бұл кездесуі – UFC-ге апаратын маңызды баспалдақ.

«Иә, менің LFA-да жұдырықтасып жүргенім – UFC-ге өту жолындағы жоспарымды жүзеге асыру үшін жасалған қадам. Бұл ұйымнан бұрын да талай спортшы UFC-ге шақырту алған», – дейді ол.

Кездесудің басты айқасы ретінде тіркелгеніне қарамастан, Сабит бұл жайтқа көп көңіл бөлмеуге тырысып, бар назарын дайындыққа аударып жатыр.