Ауыр салмақта өнер көрсететін отандасымыз жуырда Бакуде қола медаль еншілеген болатын.
Қазақстандық ауыр салмақтағы дзюдошы Ерасыл Қажыбаев Baku Grand Slam-2025 турниріндегі сәтті өнерінің арқасында әлемдік рейтингте бірден бірнеше сатыға көтерілді. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
Бакуде өткен Үлкен Дулыға кезеңінде Қажыбаев 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанды. Айта кету керек, бұл медаль Қазақстан құрамасының аталған жарыстағы жалғыз жүлдесі болды. Үшінші орын үшін өткен шешуші жекпе-жекте ол Грузия өкілі Сабе Инанеишвилиді golden score кезеңінде иппонмен жеңді.
Халықаралық дзюдо федерациясының жаңартылған рейтингінде Ерасыл Қажыбаев бірден 8 орынға жоғарылап, 31-орыннан 23-орынға көтерілді.
Бұл жеңіс қазақстандық спортшының әлемдік дзюдодағы орнын нығайтып, болашақ халықаралық жарыстарға жолын ашты.