Олимпиада чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің 28 ақпан күні Астанада өтуі тиіс болған жекпе-жегі күтпеген жағдайға байланысты өтпейтін болды.
Промоутерлік компания All Stars Boxing Instagram желісінде Данияр Елеусіновтің денсаулық жағдайына байланысты жекпе-жекке қатыса алмайтынын ресми түрде мәлімдеді:
"Өкінішке қарай, Данияр Елеусінов турнирде өнер көрсете алмайды. Алайда кештің басты оқиғасы – Али Ахмедов пен Мацей Сулецки арасындағы WBC Silver белбеуі үшін айқас өз күшінде қалады."
Кәсіпқой бокс кешіндегі басты айқас екінші орта салмақтағы WBC Silver белбеуі үшін өтеді. Бұл жекпе-жекте қазақстандық Али Ахмедов пен поляк боксшысы Мацей Сулецки күш сынасады.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов соңғы рет 2024 жылдың 28 қыркүйегінде Алматыда рингке шыққан болатын. Ол Филиппин боксшысы Джое Нойнаейді (23-5-2, 11 KO) бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, сенімді жеңіске жеткен еді.