Белгілі In The Corner бокс подкастының X әлеуметтік желісіндегі аккаунты британдық боксшы Хамза Шираздың (21-0-1, 17 КО) орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысатыны туралы жаңалыққа пікір білдірді.
Шираздың жаңа дивизионға ауысатыны туралы оның промоутері Фрэнк Уоррен The Ring басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, боксшы ұзақ уақыттан бері салмақ қуу мәселесіне тап болып келген.
22 ақпанда Эр-Риядта өткен жекпе-жекте Шираз WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 КО) тең түсті. Бұл кездесуге дейін британдық спортшы жеңіске жеткен жағдайда WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) біріктіруші жекпе-жек өткізетінін мәлімдеген болатын.
Бірақ Шираздың жаңа салмақ дәрежесіне ауысуы жанкүйерлер күткен маңызды кездесулердің болмайтынын білдіреді. In The Corner бұл жаңалыққа қатысты:
"Бұл таңғаларлық емес. Себебі оның орта салмақта қалай жұдырықтасып жүргені көпшілікке түсініксіз еді. Бірақ бұл шешім Жәнібек, Юбэнк және Адамеспен реванш секілді үлкен жекпе-жектерден айырады. Сонымен қатар, Шираз енді әлдеқайда бәсекелі дивизионға ауысты, бұл жерде титулдық мүмкіндік алу қиынға соғады", - деді.
Британдық боксшының бұл қадамы орта салмақтағы мықты айқастардың ұйымдастырылуына кедергі келтіруі мүмкін. Енді Ширазды жаңа салмақта қандай қарсыластар күтіп тұрғаны белгісіз.