Қазақстандық талантты боксшы Махмұд Сабырхан кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін өткізеді. Ол Жәнібек Әлімханұлының титулдық айқасы өтетін бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға шығады.
Бокс жанкүйерлері арасында "Қазақ Ломаченкосы" деген лақап атқа ие Махмұд Сабырханның кәсіпқой рингтегі алғашқы қарсыласы филиппиндік Джей Фрэнсис Бурай (13-3-1, 3 КО) болады. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жекте қазақстандық боксшыға тәжірибелі қарсыласпен қолғап түйістіруге тура келеді. 28 жастағы Бурай кәсіби бокста 10 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп келеді.
Сабырханның дебюті Жәнібек Әлімханұлының (16-0, 11 КО) орта салмақтағы WBO/IBF чемпиондық белбеулерін қорғау кешінде өтеді. Қазақстандық чемпион бұл кеште француздық Анауэль Нгассаминге (14-0, 9 КО) қарсы рингке шығады.
Айта кетейік, бұған дейін Махмұд Сабырхан денсаулығына байланысты Болгариядағы беделді халықаралық турнир — "Странджа Кубогынан" бас тартуға мәжбүр болған.
Сонымен қатар Астанада өтетін осы бокс кешінде Махмұдтың інісі, Қазақстан және Азия чемпионы Төрехан Сабырхан да өнер көрсетуі мүмкін.