5 сәуір күні Астанада әлем назарын аударатын үлкен бокс кеші өтпек. Орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы рингке шығады. Оның қарсыласы — жеңіліп көрмеген франциялық Анауэль Нгамиссенге. Бұл жекпе-жек қарсаңында француз боксшысы сенсациялық мәлімдеме жасады.
14 жекпе-жекте жеңіске жетіп, оның тоғызына нокаутпен нүкте қойған Нгамиссенге жекпе-жекке санаулы күн қалғанда өз жанкүйерлеріне үндеу жасады.
"Бұл – мен үшін бүкіл өмірімнің жекпе-жегі. Бұл жекпе-жекті бүкіл әлем күтуде. Менің артымда Франция мен Конго халықтары бар. Мен тек бір нәрсені айта аламын: бұл айқас дүниежүзін дүр сілкіндіреді. Оған тіпті қазақтар да дайын емес. Бұл алғашқы секундтан соңғы қоңырауға дейінгі нағыз шайқас болады. Тарихта қалатын айқас болмақ. Санаулы күн қалды, 5 сәуірде кездескенше!" — деді Нгамиссенге.
Айта кетейік, Астанадағы жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы белбеулерін қорғап қалмақ.