"Көріссек – жауап аламын": Қазақстан ММА-сында дау шықты

Редактор Penalty.kz
27.03.2025, 18:00

Қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) және жалаңқол жекпе-жек өкілі Жұман Жұмабеков өзінің жерлесі Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетовке жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді.

rambler.ru

Даудың басы – ауыстыру ұсынысынан басталды

Жұмабеков алдымен Әнуарбек Бекембетов пен Амантаев арасындағы алдағы жекпе-жекке қатысты пікір білдіріп, егер олардың бірі жарақат алса, өзінің орнын басуға дайын екенін айтқан.

Бұған 40 жастағы "Мотиватор" Бекембетов дереу жауап қатты:

"Жұман, хайп жетіспей жүр ме саған? Біз жекпе-жектен қашпаймыз. Егер Мұхит шыға алмаса – сенімен де төбелесуге қарсы емеспін. Сен шақырады деп күтпедім. Біздің аулаға кіріп жатырсың ба, бауырым? Қызық екен. Бұл – ақша, таза спорттық қызығушылық. Шығуға болады", — деді Бекембетов.

Әнуарбек Бекембетов. ФОТО: sportnews.kz

35 жастағы Жұмабеков жауапсыз қалмады. Ол өз сөзінде Бекембетовке нақты жауап беріп, "жауап аламын" деп кесіп айтты:

"Мен саған нақты шақырту жасаған жоқпын. Тек біреуің шыға алмаса – орнына шығам дедім. Не деп тұрсың, бэйби? Басың менің екі белбеуімнің ортасында тұрған жоқ – әлі кеш емес, кешірім сұрап үлгер. Маған күшенбе, ондайлардың тағдырын білесің. Алдыңда құлайсың. Бұған дейін артқа құлағансың, енді мен сені алға құлатам. Көріссек – жауап алам. Сенің аймағыңа, мейлі бокс, мейлі жалаңқол төбелес болсын – кіремін", — деп мәлімдеді Жұмабеков.

Жекпе-жектердің мерзімі: кім, қашан, қайда?

Әнуарбек Бекембетов пен Амантаевтың айқасы 2025 жылдың 6 маусымында Алматыда өтеді. Егер сол күнге дейін біреуі жарақат алып, шыға алмаса – Жұман Жұмабеков дайын.

Ал Жұманның өзі 9 мамырда Nomad Fighting турнирінде, "ММА в стойке" ережесі бойынша жекпе-жекке шығады.