Астанада қоғамдық көлік басты қатынас құралына айналмақ! Әкімнің жаңа жоспары елорданы мүлде жаңа деңгейге көтермек — автобустар мен жолайрықтар көбейеді.
Астана қаласында қоғамдық көлік үлесі айтарлықтай өседі. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2035 жылға дейінгі даму жоспары аясында автобустар жаңартылып, жаңа жолайрықтар салынады. Бұл жөнінде ол елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған семинар-кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Әкімнің мәліметінше, қоғамдық көліктің үлесі 71 пайызға дейін жеткізіледі. Осы мақсатта автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайрықтар мен көлік инфрақұрылымы жобаланады. Бұл тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспаналарға көшіріледі. Сонымен қатар, соңғы үш жылда қалада 2,5 миллионнан астам ағаш егілген. Бұл – экология мен жасыл кеңістікті дамытудағы елеулі жетістік.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, қаланың дамуы "адамдарға арналған қала" қағидатына негізделіп отыр:
"Барлық жұмыс "адамдарға арналған қала" қағидатына негізделіп отыр. Яғни басты назар тұрғындардың өмір сүру сапасына, қолжетімді әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға аударылған. Инженерлік инфрақұрылым алдын ала жоспарланып, даму қарқыны тұрғындар қажеттіліктерінен озық жүруге тиіс", – деді әкім.