18 жастағы Mercedes пилоты Кими Антонелли Формула-1-дегі алғашқы маусымы, сүйіктісімен қарым-қатынасы және әлем чемпионы болуға деген мақсаты туралы «Sette» журналына шынайы сұхбат берді.
Mercedes командасының 18 жастағы италиялық жарысушысы Андреа Кими Антонелли Corriere della Sera-ның «Sette» журналына берген сұхбатында Формула-1-дегі алғашқы маусымының әсерлерімен бөлісті. Ол бұл спорт түрін "акулаға толы теңіз" деп сипаттады:
«F1 — бұл акулаларға толы теңіз секілді. Бір сәтте қателесіп, олардың жеміне айналып кетуің мүмкін», — дейді Антонелли.
Ол Имолада өткен Гран-при кезінде жеке кеңістік пен менталдық тепе-теңдіктің қаншалықты маңызды екенін түсінгенін айтты:
«Сол жерде мен өзіме уақыт бөлу қажеттігін түсіндім. Моторхоумда, тыныш жерде, өз-өзімді оқшаулап, ойымды өзгертетін сәттер маған қажет», — деп бөлісті ол.
Антонелли алғаш рет өзінің жеке өмірі туралы да ашық айтты. Оның сүйіктісі — картинг жарысының қатысушысы Элишка Бабичкова.
«Ол менің әлемімді жақсы түсінеді. Жарыстарға келіп, мені қолдайды. Өзін еркін сезінеді, мен алаңдамаймын. Бірақ бірге тұру туралы айтсақ, бұл әлі ерте», — дейді жас пилот.
Кими өзіне шабыт беретін тұлғалар жайлы да бөлісті. Олар — теннисші Янник Синнер, аңызға айналған Айртон Сенна және мотожарыс аңызы Валентино Росси.
Янник Синнер туралы:
«Оның матч кезіндегі менталдық беріктігіне таңданамын. Қаншама рет қиын жағдайдан шыға алды!»
Айртон Сенна туралы:
«Одан сұрайтын едім: апаттан кейін қорқынышты қалай жеңіп, одан да жылдам болуға болатынын?»
Валентино Росси туралы:
«Оның өзіне қажет адамдарды дәл таңдай алу қасиетіне ие болғым келеді. Бұл — сенімді орта құрып, алаңсыз жарысқа дайындалудың кепілі».
Жас болса да, Кими Антонеллидің мақсаты айқын:
«Формула-1-дегі соңғы италиялық әлем чемпионы — Альберто Аскари. Мен соның ізін жалғастырғым келеді. Бұл менің басты мақсатым», — деді ол.
Антонелли Канададағы өзінің алғашқы подиумын еске алып, жеңіске қол созым жетпей қалған сәтті өкінішпен еске алды:
«Канадада бірінші рет подиумға шықтым — бұл керемет болды. Бірақ аздап көңілім қалды. Себебі бізде жеңіске жететін мүмкіндік болды, ал жарысты командаласым Джордж Рассел жеңіп алды. Квалификацияда кішкентай қателік жібермегенімде...»
Антонеллидің сөздері оның тек техникалық емес, менталдық және тұлғалық тұрғыдан да дайын екенін көрсетеді. Mercedes-пен алғашқы маусымда алған тәжірибесі оның болашағына берік қадам екені анық.