Белгілі итальяндық спорт журналисі Лео Турини соңғы күндері үлкен қайғыға тап болды. Оның көпжылдық досы әрі әйгілі Ferrari командасының бұрынғы механигі Роландо Левони дүниеден өтті.
Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Моденада өтті.Ол – Формула-1 тарихындағы көпшілікке беймәлім, бірақ шын мәнінде Скудерия Ferrari аңызын жасаған тұлғалардың бірі еді.
Левонидің өмірден озуы символдық мәнге ие болды. Дәл осы күні, 14 тамызда, бірақ 1988 жылы Энцо Феррари дүниеден өткен еді. Итальяндық спорт журналистикасының ардагері Лео Турини ұзақ жылдар бойы Левонимен дос болып, оның өмір жолын ерекше жылылықпен еске алды:
«37 жыл бұрын Энцо Феррари кеткен күні, менің қымбатты досым Роландо Левони де дүниеден өтті. Ол ұлы Комендаторенің соңғы механигі болатын».
1960-жылдары Левони Ferrari құрамына қосылды. Сол кезде команда гаражында тіпті итальян тілінде емес, тек Моденаның жергілікті диалектісінде сөйлейтін. Сондықтан Ники Лауда, Джоди Шектер, Жиль Вильнёв, кейін Михаэль Шумахер де осы ерекше акцентке үйренуге мәжбүр болды. Механик әрқашан өз ісіне берілген жан еді. Ferrari-дің бас конструкторы Мауро Форгьери оған толық сенім артатын.
Левони бірде:
«Феррари мен Форгьери үшін біз отқа да түсуге дайынбыз. Себебі біз жалдамалы жұмысшылар емеспіз, біз өзімізді майдандағы сарбаз сезінеміз. Ал біздің жүргізушілер – қорғауға тиіс қаһармандарымыз», – деген болатын.
Роландо Левони 90 жасқа таяғанда дүниеден өтті. Оның қолы әрқашан мотор майына боялған, ал өмір жолы – Ferrari тарихының айнасы іспетті. Жұмыстан кеткен соң да ол Скудерияның мұрасын сақтап, жас буынға үлгі болды.
Журналист Лео Турини досына деген сағынышын былай жеткізді:
«Ол мен үшін туған ағамдай болды. Бәлкім, қазір ол Энцо мен Форгьеримен бірге көкте отырып, Шарль Леклер мен Льюис Хэмилтон үшін жанкүйерлік жасап отырған шығар».