Жақын уақытта Қытайдың ең ірі сауда желілерінің бірі — China Coop дүкендерінің сөрелерінде пайда болады.
Қазақстандық қымыз, шұбат, бал және тәттілер жақын уақытта Қытайдың ең ірі сауда желілерінің бірінде пайда болады. Қазақстандық экспорттық оператор QazTrade пен Ұлттық кооперативтер қауымдастығы Қытайдың ең ауқымды кооперативтік жүйесі China Coop-пен келісімге келді.
Келісім аясында қазақстандық бал, қымыз, шұбат және кондитер өнімдері енді Қытай дүкендерінің сөрелеріне жол тартады. Бұл серіктестік отандық өндірушілерге Қытай нарығында ұзақ мерзімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазақ өнімдері биыл Шанхайда өткен 8-ші Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) де кеңінен таныстырылды. Көрмеге Қазақстаннан 30-дан астам компания мен кооператив қатысты. Өнімдер ұлттық павильонмен қатар China Co-Op стендінде және Jiangsu SOHO алаңында қойылды.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, бұл әріптестік тек экспорт емес, аймақтық сауда байланыстарын күшейтуге бағытталған маңызды бастама.
«Қытай нарығына кооперация арқылы шығу отандық компанияларға тек өз өнімдерін жеткізуді емес, ұзақ мерзімге орнығуды да қамтамасыз етеді. Біз маркетингтік зерттеулер жүргіздік, алғашқы сынамалы жеткізілімдер жасалды. Негізгі бағыттар — ұн, өсімдік майы, ет, бал, сүт өнімдері және кондитерлік тауарлар», — деді Алдажаров.
Сонымен қатар, қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер үшін арнайы акселерация бағдарламасы іске қосылады. Ол екі ел арасындағы сауда мен инвестициялық қатынасты кеңейтуге бағытталмақ.