Инсайдерлік деректерге қарағанда, Дариға Назарбаева Алматыға тамыздың соңында келген. Қалада Әлия Назарбаева да бар, ал алдағы күндері Нұрали Әлиевтің де қосылуы мүмкін екені айтылады.
Алматыда өтетін тарихи ойын тек спорт жанкүйерлерінің ғана емес, саясат пен бизнес элитасының да назарын аударып отыр. БАҚ мәліметінше, «Қайрат» – «Реал» кездесуін Назарбаевтар әулетінің мүшелері де тамашалауы мүмкін. Бұл туралы offside.kz хабарлады.
30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» Чемпиондар лигасындағы ойыны Қазақстан футбол тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі болмақ. Жергілікті жанкүйерлер асыға күткен бұл матчқа тек қарапайым көрермендер ғана емес, елдің ықпалды тұлғалары да келуі мүмкін.
Ertenmedia таратқан ақпаратқа сүйенсек, ойынға Назарбаевтар отбасының бірнеше мүшесі қатысады деп болжануда. Айтылып отырғандай, олардың стадионға келуін клуб қожайыны Қайрат Боранбаев ұйымдастыруда.
Инсайдерлік деректерге қарағанда, Дариға Назарбаева Алматыға тамыздың соңында келген. Қалада Әлия Назарбаева да бар, ал алдағы күндері Нұрали Әлиевтің де қосылуы мүмкін екені айтылады.
Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ, бірақ футбол жанкүйерлері қатарынан бөлек, елдің саяси сахнасына да қызығушылық тудырып отыр.
Алматылық клуб алғашқы турда Лиссабонда «Спортингке» 1:4 есебімен есе жіберді. Енді Рафаэль Уразбахтин шәкірттері футбол әлемінің ең даңқты командаларының бірі — мадридтік «Реалға» қарсы ойнайды. Бұл ойын «Қайрат» үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан футболы үшін үлкен сынақ.