30 қыркүйек. 21:45. Алматының Орталық стадионы. Бұл күнді әр қазақстандық жанкүйер күнтізбесінде қызылмен белгілеуі тиіс. Қонаққа «Қайратқа» әлемдік футболдың бет-бейнесін ондаған жылдар бойы анықтап келе жатқан мадридтік «Реал» келмек!
Бұған дейін елге «Атлетико», «Бенфика», тіпті лондондық «Челси» де келген. Бірақ «Реал» – бұл мүлде басқа деңгей. Жер жүзіндегі миллиондаған жанкүйерлер үшін «корольдік клубпен» кездесу – орындалмас арман. Ал көп ұзамай ол арман Алматыда шындыққа айналады. Дегенмен, бұл қуанышпен қатар бір мәселе бар – көрермендердің бір бөлігі алаңға тек Мадридтің кумирлерін көру үшін ғана келеді.
«Қайрат» тарихи жеңістерге қол жеткізді: «Слованды», «Жилинаны» жеңді, тіпті аты шулы «Селтикті» турнирден шығарды. Әр кезеңде алматылықтар ақшаның да, кластың да футболда көп нәрсені шешпейтінін дәлелдеді.
Әдетте мадридтік клуб футболы шағын елдерге келгенде бір нәрсені түсінеді: жергілікті жанкүйерлер оларды көру үшін келеді, қарсылас болу үшін емес. Сол себепті Мадрид ұжымы жанкүйерлер қысымынан қорықпайды.
Енді кезек бізде, жанкүйерлерде. Біз «Орталықты» нағыз аренаға айналдыруымыз керек: «Қайраттың» әрбір шабуылын дүркіретіп, қарсыластың әрбір қысым минутын – қолдау қабырғасымен қарсы алуымыз қажет. «Реал» сезінсін: Қазақстанда да ұмытылмас атмосфера құра білетінін.
Трибуналарда, сондай-ақ теледидар алдында мыңдаған балалар отырады. Олар үшін бұл жай ғана ойын емес, өмір бойы ұмытылмас естелік. Ал біз оларға өз футболыңды сүюдің не екенін көрсетуіміз керек.
Біздің балалар Жұмасқалиев, Смаков, Тлешев, Тағыберген жайлы әңгімелермен өсуі керек. Қазіргі «Қайраттың» қаһармандарын да білуі тиіс: Тапаловты, Заруцкийді, Анарбековты, тіпті жас Сәтпаевты да.
Футбол үлгіден басталады. Оларға клубқа, елге деген адалдық – бұл мақтаныш, өткінші әуестік емес екенін көрсетейік.
Алматыға әлемнің ең жұлдызды командасы келеді. Бірақ шын мереке тек стадион «Қайрат» пен Қазақстан құрамасының түстерінде тыныстағанда ғана болады.
Шын сөйлейік: бұл матчқа «Реалдың» атрибутикасын киіп келу – мерекенің атмосферасына қиянат жасау. Өзіміздікілерді қолдайық! «Қайраттың» немесе Қазақстан құрамасының жейделерін ресми дүкендерден де, тіпті Kaspi-ден де оңай табуға болады. Бұл – ұсақ-түйек сияқты, бірақ осындай детальдардан үлкен жанкүйерлік мәдениет қалыптасады.
Алысқа барып қажет емес: естеріңізге түсірейік былтырғы ағылшындық “Челсимен” болған ойында көк түсті жейде киген бауырларымыз да аз болған жоқ. Егерде жасөспірім немесе кішкентай жанкүйерлеріміз сол форманы кигеніне кешіріммен қарайтын болсақ, ересек азаматтардың солай алаңға келгені қазақ футболына деген үлкен қылмыс деп түсінген едік.
Стадионда «Реалдың» футболкасы – атмосфераны бұзатын артық нүкте ғана. Бізге біртұтас жігер қажет. «Қайраттың» атрибутикасы дүкендерде бар, және ол – командамен бірге екенімізді көрсетудің ең жақсы жолы.
30 қыркүйек – жай ғана 90 минуттық футбол емес. Бұл – Қазақстанның Еуропаға: бізде команда бар, жанкүйер бар, мәдениет бар екенін көрсетер сәт.
Бұл күн жаңа дәстүрдің бастауы болсын – өз футболыңа сену және оны әрқашан қолдау. Жеңісте де, жеңілісте де, қуанышта да, қайғыда да.
«Қайратқа» сенеміз. Қазақстанға сенеміз. Алға «Қайрат», Алға Қазақстан!