Өзбекстан құрамасының жетістігі үшін футболшыларға көлік, құрмет атағы және қаржылай сыйлық та уәде етілді.
Өзбекстан құрамасы футбол тарихында алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама алып, елін қуанышқа бөледі. Осы тарихи жетістік үшін футболшыларға берілетін марапат та белгілі болды.
2025 жылдың 5 маусымында Өзбекстан ұлттық құрамасы Абу-Дабиде БАӘ құрамасымен тең ойнап, тұңғыш рет ФИФА Әлем чемпионатына жолдама иеленді.
Өзбек БАҚ-тарының хабарлауынша, құраманың барлық ойыншыларына BYD Champion маркалы автокөлік сыйға тартылмақ. Сонымен қатар, ұлттық құрама ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамы «Өзбекстан мақтанышы» (Uzbekiston iftixori) атағына ие болады.
Матчтан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев командамен тікелей байланысып, ризашылық пен мақтаныш сезімін білдірді. Ол бұл жетістік – ойыншылардың жанкештілігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
БАҚ мәліметінше, футболшылар автокөлік пен марапаттардан бөлек, ақшалай сыйақыға да ие болады. Бұл — ұлттық құраманың бұрын-соңды болмаған жетістігі үшін көрсетілетін жоғары деңгейдегі құрмет белгісі.