Солтүстік Македония құрамасының бұрынғы бас бапкері Джокица Хаджиевский Қазақстан ұлттық құрамасының мүмкіндігіне жоғары баға беріп, қазақстандық жанкүйерлерді қуантатын пікір білдірді.
Қазақстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі мүмкіндіктері туралы қызық болжам жасалды. Солтүстік Македония құрамасының бұрынғы бас бапкері Джокица Хаджиевский J тобындағы командалар арасындағы бәсеке туралы пікір білдіріп, Қазақстанның топта екінші орынға ие болу мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.
Тәжірибелі македониялық маман Хаджиевский Бельгияны топтың басты фавориті деп санайды, алайда екінші орын үшін күресте бірқатар командалар тосынсый жасай алады деп отыр.
«Біздің топтан кейбір тосынсыйлар күтемін. Онда Бельгия – фаворит. Бұл компанияда солар үздік болады деп ойлаймын. Ал екінші орынға Лихтенштейннен басқа барлық команда таласа алады. Уэльс, Македония мен Қазақстан – осы командалардың барлығының екінші орын үшін таласта тосынсый жасайтын мүмкіндіктері бар. Меніңше, бұл күрес топтық кезеңнің соңына дейін жалғасады», – деді Джокица Хаджиевский.
Қазіргі таңда Әли Әлиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы J тобында 3 ұпаймен үшінші орынға жайғасып тұр. Алдағы маңызды ойын – бүгін, 9 маусым күні өтеді. Қазақстан өз алаңында Солтүстік Македония құрамасын қабылдайды. Кездесу Астана Аренада сағат 19:00-де басталады.