Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралау барысында жас футболшылармен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап, жас футболшылармен жүздесті. Спортшылар Президентке болашақ армандарын ашық айтып, ұлттық құраманың жейдесін киіп, әлемдік аренада топ жаруды мақсат етіп отырғандарын жеткізді.
Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы көпфункционалды спорт кешенінде футбол, бокс, күрес, волейбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған.
Кешен ішінде Мемлекет басшысы жас футболшылармен тілдесті. Команда капитаны Сейсенбеков Дінмұхаммед Тоқаевқа спорттың тек ойын емес, өмір мектебі екенін айтты:
«Футбол бізді ойнауға ғана емес, еңбекқорлыққа және достыққа үйретті. Біздің болашақтағы арманымыз – Қазақстан ұлттық құрамасына кіріп, Әлем чемпионатында жеңімпаз болу», – деді ол.
Президент жасөспірімдердің мұндай биік мақсаттарын қолдап, оларға табыс пен табандылық тіледі.