“Бір адам 5-6 клубты басқарады”. Қазақ футболындағы шындықтың беті ашылды

Редактор Penalty.kz
20.06.2025, 19:44

Андрей Канчельскисдің айтуынша, федерацияда футболға қатысы жоқ адамдар жұмыс істейді. 

Sportnews.kz

Атақты футболшы, «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы ойыншысы және «Тобыл» клубының экс-басшысы Андрей Канчельскис қазақстандық футболдағы басты мәселені атап, Өзбекстан құрамасының жетістікке жету құпиясымен бөлісті. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.

«Федерацияда футболдан хабары жоқтар отыр»

Канчельскистің пікірінше, Қазақстанда футбол инфрақұрылымы әлсіз, ал футболды дамытуға тиіс федерацияда кәсіби емес адамдар жұмыс істейді.

«Қазақстанда жақсы инфрақұрылым жоқ — бұл анық. Футбол федерациясында футболға қатысы жоқ адамдар отыр. Бұған қоса, футболға бөгет болатын топтар бар. Мен 5-6 клубты бір адамның бақылауында ұстайтынын да білемін. Бұл — қазақстандық футболға зиян ғана келтіреді. Бәрі біледі, бірақ үндемейді. "Менің үйім шетте" деген принциппен өмір сүріп отыр», — деді ол.

Канчельскис өзінің 2023 жылы «Тобылда» жұмыс істеген кезеңін еске алып, Санжар Сейтқазинов пен Алимжан Қалдияровты сынға алды.

«Бұлар — спортты тек ақша табу көзі ретінде көретін алаяқтар. Мұндай адамдар футболдың жоғарғы эшелондарында да отыр. Олар үшін нәтиже емес, тек қаржы маңызды. Қазақстан осындай адамдардан құтылмай, алға жылжу болмайды», — деп түйіндеді сөзін маман.

Өзбекстан — үлгі болар ел

Канчельскис Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуын — жүйелі тазалық пен кәсіби басқарудың жемісі деп есептейді:

«Өзбекстанда футболдан алаяқтарды тазартты — бірден нәтиже шықты. Бұл тек ересек құраманың жетістігі емес, бұған дейін де жасөспірімдер Азия мен әлем деңгейінде жақсы өнер көрсетіп жүрген. Қазақстанға да дәл осындай реформалар қажет. Футболды түсінетін адамдар келмей, нәтиже болмайды», — деді ол.

Айта кетейік, Андрей Канчельскис — 2023 жылы Қазақстанда «Тобыл» клубының бас директоры қызметін атқарды.