Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдиновтың клубы "Бешікташ" үлкен трансфер жасады. Енді команда сапында ағылшын және италиялық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс шабуылшы өнер көрсетеді.
"Рома" шабуылшысы, Англия құрамасының экс-ойыншысы Тэмми Абрахам ресми түрде "Бешікташ" сапына қосылды. Бұл туралы түркиялық клубтың баспасөз қызметі хабарлады. 27 жастағы футболшы Ыстанбұл ұжымына 2025/26 маусымының соңына дейін жалға алынды.
Тэмми Абрахам — ағылшын футбол мектебінің түлегі. Ол "Челси", "Астон Вилла" және соңғы жылдары "Ромада" доп тепті. Өткен маусымда 45 ойынға қатысып, 10 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді.
Transfermarkt порталының мәліметінше, шабуылшының қазіргі нарықтық құны — 15 миллион еуро.
Қазір "Бешікташ" құрамында Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов те ойнайды. Алайда өткен маусымда жарақатына байланысты ойын уақыты шектеулі болды. Зайнутдинов бар болғаны 12 матчқа қатысып, 1 ассистпен шектелді.