Швед шабуылшысы Виктор Дьекереш кәсіби болашағын ойлап, сүйікті аруы – португалиялық актриса Инеш Агиярмен қарым-қатынасын үзді. «Спортинг» клубынан кетуді көздеген футболшы Португалиямен байланысты толық тоқтатуға бел буған.
Швеция құрамасы мен Португалияның «Спортинг» клубының шабуылшысы Виктор Дьекереш жеке өміріндегі маңызды шешім қабылдады. Жазғы трансферге дайындық кезінде футболшы португалиялық актриса Инеш Агиярмен қарым-қатынасын үзіп, бар назарын мансапқа аударуды жөн көрген. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.
27 жастағы шабуылшы мен Инеш Агияр 2024 жылдың басында Лиссабонда танысқан. Бір жылдан астам бірге болған жұп бастапқыда қарым-қатынастарын құпия ұстаған. Бірақ маусым аяқталар тұста Дьекереш аруына бәрін ашық айтып, Португалиядан кетуге дайындалып жатқанын жеткізген.
«Ол Португалиямен байланысты ештеңе қалдырғысы келмейді. Жазғы демалысқа кетер алдында Инешпен сөйлесіп, ішкі күйін ашық жеткізген. Инеш бұған іштей дайын болғанымен, оңай қабылдамады. Себебі ол Викторды қатты жақсы көрген», – деп жазады португалиялық БАҚ.
Виктор Дьекереш «Спортинг» сапында жарқырап көзге түсті. Оның нәтижелі ойыны Англияның топ-клубтарының назарын аударды. Атап айтқанда, «Арсенал» мен «Манчестер Юнайтед» шабуылшыға қызығушылық білдірген. Алайда, «Спортинг» клубы 70 миллион фунттан төмен ұсыныстарды қабылдаудан бас тартқан.
Футболшының өзі Португалияда қалуға ниетті емес. Бұл шешім оның кәсіби жолындағы келесі қадамына байланысты қабылданған. Дьекерештің болашақ клубы мен мансаптағы бағыты алдағы апталарда белгілі болады деп күтілуде.