Глазгода өтетін плей-офф матчы алдында «Селтик» бас бапкері Брендан Роджерс «Қайрат» жайлы пікір білдірді.
Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф матчы қарсаңында «Селтик» бас бапкері Брендан Роджерс «Қайратқа» қарсы ойын жайлы пікірімен бөлісті.
Баспасөз мәслихатында белгілі журналист Ермұхаммед Мәулен шотландиялық маманнан Шотландия мен Қазақстан футболының ұқсастығы жайлы сұрады.
«Шынымды айтсам, Қазақстан футболы туралы көп біле бермеймін. «Астананы» білемін, ертең алаңға шығатын қарсыласымызды білемін, себебі біз сол командаға арнайы дайындалдық. Ал басқа клубтар жайлы мәліметім аз», – деді Роджерс.
Брендан Роджерс «Селтиктің» футболдағы беделі туралы да тоқталды:
«Бұл – әлемдегі ең ірі әрі беделді клубтардың бірі. Мүмкін Қазақстанда да осындай деңгейдегі команда бар шығар. Бірақ бір нәрсе анық: «Селтик» – мәдениеті қалыптасқан, тарихы бай, нағыз культқа айналған клуб», – деп атап өтті бапкер.
Шотландиялық маман қарсыласына құрметпен қарау – басты қағида екенін баса айтты:
««Селтик» кіммен ойнаса да, қарсыласына әрқашан құрмет көрсетеді. Ол Қазақстаннан болсын, басқа елден болсын – бәрібір. Маңыздысы – екі команданың да мақсаты ортақ: Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін барын салу», – деді ол.
«Қайрат» пен «Селтик» арасындағы алғашқы кездесу 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Глазгода өтеді.