
Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Глазгода өтеді.
Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф бәсекесі қарсаңында шотландиялық «Селтик» клубының капитаны Каллум Макгрегор «Қайратқа» қарсы ойын жайлы пікір білдірді.
Баспасөз мәслихатында танымал комментатор Ермұхаммед Мәулен футболшыдан Қазақстан футболы мен «Қайрат» клубы туралы ойын сұрады.
Оған жауап берген Макгрегор қазақстандық командалармен бұған дейін де кездескенін еске алды:
«Қазақстан клубтары әрдайым мығым, физикалық тұрғыдан мықты, көп қимылдайтын және күресте берік ұжым болып келеді. Сонымен қатар, олардың шабуылда техникалық тұрғыдан жақсы ойыншылары бар», – деді ол.
Шотландиялық ойыншы қарсыластың соңғы кездесулерін зерттегенін атап өтті.
«Бүгін таңертең «Қайраттың» соңғы матчтарын қарап шықтық. Сондықтан ойынның қалай өрбуі мүмкін екенін шамалаймыз. Бірақ қарсыласты бағаламау қателік болар еді. Біз өз ойынымызды күштірек өткізіп, жоғары қарқын ұстап, агрессивті ойнауымыз керек. Егер осыны жүзеге асыра алсақ, жеңіске жету мүмкіндігіміз бар», – деді Макгрегор.
Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Глазгода өтеді. Матч Астана уақытымен сағат 23.55-те басталады.