Алматыда өтетін тарихи матч – «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуіне билеттердің сатылымға шығу уақыты белгілі болды. Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, сатылым ойынға 10 күн қалғанда басталады.
4 қыркүйек күні өткен СЦК брифингінде ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жанкүйерлерді ерекше қызықтырған сұраққа жауап берді – Чемпиондар лигасының «Қайрат» – «Реал» ойынына билеттер қашан сатылады?
«Бізге белгілі мәлімет бойынша, сатылым матчқа 10 күн қалғанда басталады. Егер ойын 30 қыркүйекте өтсе, онда билеттер шамамен 20-шы жұлдыздардан бастап қолжетімді болады», – деді Жарасбаев.
Сонымен қатар ол қазақстандық жанкүйерлерді алаяқтардың қақпанына түспеуге шақырды:
«Билеттерді тек ресми дереккөздерден алыңыздар – клубтың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан. Бағаға қатысты нақты ақпарат әзірге жоқ. «Қайрат» сұранысқа қарай өз саясатын белгілейді. Нақты құны 20-сына қарай белгілі болады», – деп толықтырды вице-министр.
Бұған дейін Алматы қалалық полициясы жанкүйерлерді «қолдан» немесе күмәнді сайттардан билет алмауға ескерткен еді.
30 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында қазақ футболы үшін тарихи ойын өтпек. «Қайрат» өз алаңында әлемнің ең атақты клубтарының бірі – «Реал Мадридті» қабылдайды.
Алматыдағы матч тек спорттық қана емес, мәдени әрі имидждік оқиғаға айналатыны анық. Миллиондаған футболсүйер қауым «Қайраттың» қалай өнер көрсететінін тамашалауды асыға күтуде.