«Сантос» клубы Неймармен келісімшартты ұзартпайтын болды.
Бразилиялық «Сантос» клубы футбол жұлдызы Неймардан бас тартады. Бұл туралы O Globo хабарлады. Өткен аптада футболшының әкесі әрі агенті клуб басшыларымен кездесіп, келісімшартты ұзарту жайын талқылаған. Алайда «Сантос» жаңа келісімге қызығушылық танытпаған.
Айта кетейік, Неймардың келісімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана жарамды, әрі оны созу жоспарда жоқ. Клуб басшылығы жалақы мен шығындардың тым жоғары екенін мойындаған. Жазда келісімді кемінде жарты жылға, 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін ұзарту нұсқасы болған, бірақ ол да қабылданбады.
Негізгі себеп – қаржылық ауыртпалық пен Неймардың бұрынғыдай ынта танытпауы. Кейінгі айларда ол жиі жарақат алып, алаңдағы белсенділігі төмендеген.
Бразилия футболының символына айналған Неймардың ұлттық құрамадағы болашағы да бұлыңғыр. Ол соңғы айларда жарақат пен жеке себептерге байланысты ұлттық құрама матчтарына сирек қатысуда.
Инсайдерлердің айтуынша, Неймардың ұлттық командаға деген қызығушылығы бәсеңдеген.
Қызығы, Неймардың өзі Лионель Мессимен қайта бір клубта ойнауға ниетті екені туралы мәлімдеме жасаған. Кейбір БАҚ оның «Интер Майамиге» ауысуы мүмкін екенін болжайды — дәл сол клубта Месси де өнер көрсетіп жүр.
Қазіргі маусымда Неймар 23 матч өткізіп, 6 гол және 3 нәтижелі пас тіркеген.
Transfermarkt дерегінше, оның қазіргі нарықтық құны 11 миллион еуро.