Ағылшын маманы Брендан Роджерс Шотландияның әйгілі «Селтик» клубының бас бапкері қызметінен отставкаға кеткенін хабарлады.
Роджерс команда тізгінін 2023 жылдың жазында ұстаған. Осы уақыт аралығында ол екі рет Шотландия чемпионатын, Шотландия кубогын және Лига кубогын жеңіп алды. Бұған дейін де 2016–2019 жылдары клубта жұмыс істеген.
«Селтик» ресми мәлімдемесінде Роджерстің үлесін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді:
«Бренданның екі кезеңде де «Селтикке» қосқан үлесі зор. Ол біздің үздік дәуіріміздің бір бөлігі болды. Команда атынан алғыс айтамыз және оның болашақтағы мансабына табыс тілейміз», — делінген хабарламада.
Клуб жақын уақытта жаңа бас бапкердің тағайындалатынын да мәлімдеді. Уақытша команданы Мартин О’Нил мен бұрынғы ойыншы Шон Мэлоуни жаттықтырады.
«Селтик» осы жазда сенсациялық түрде «Қайратқа» пенальти сериясында ұтылып, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінен тыс қалды.
Қазір команда Шотландия Премьер-лигасында екінші орында тұр. «Селтик» көшбасшы «Хартстан» сегіз ұпайға артта келеді. Сонымен қатар, олар Еуропа лигасында да өнер көрсетіп, жалпы тізімде 21-орында және 4 ұпай жинаған.