Азамат Тұяқбаев биылғы маусымда ҚПЛ-де гол соғып үлгерді.
Еуропалық клубтар мен агенттер 18 жастағы «Қайрат» шабуылшысы Азамат Тұяқбаевқа қызығушылық танытуда, деп хабарлайды ASnews.kz.
Бұған дейін қазақстандық футболшы «Ковентри Ситидің» назарына іліккен еді. Англиялық клубтың скауты сарапшылардың біріне былай деп есеп беріпті:
«Азаматқа бірден Чемпионшипте ойнап кету оңай болмайды, бірақ оның көрсететін дүниесі көп. Жалғыз нәрсе, жігіт өзінің физикалық дайындығымен жұмыс істеуі керек – бұл өте маңызды».
Алматылық клубтың 87-ші нөмірлі ойыншысын Германияда да бақылауда. Клубқа жақын дереккөздер Қазақстанға келген Маркус Хайнның шынымен де «Боруссия Мёнхенгладбахтың» жастар бөлімінде жұмыс істейтінін растады. Оның аты Transfermarkt сайтында көрсетілмесе де, маман Тұяқбаевтың шеберлігін жоғары бағалады.
Сондай-ақ жас футболшымен бірнеше агенттік байланыс орнатуда. Атап айтқанда, Тараздың тумасына Испаниядан қоңырау түскен.
Дегенмен, Тұяқбаевтың өзі «Қайраттан» кетуге асықпайды. Жас футболшы келесі жылды Қазақстанда өткізеді деп күтілуде. Бірнеше шетелдік ойыншылардың кетуімен ол «Қайраттың» негізгі құрамында өзін көрсету мүмкіндігіне ие болады.
Осы маусымда ойыншы барлық жарыстарда 28 матч өткізіп, 17 гол соқты, 3 нәтижелі пас берді.