Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының биылғы маусымындағы үздік ойыншылар рейтингінде бірінші орынға шықты.
Бұл туралы SofaScore статистикалық порталы хабарлады.
Портал дерегіне сүйенсек, Анарбековтың орташа бағасы — 8,90. Осы көрсеткіштің арқасында ол Еуропаның басты турнирінде ПСЖ ойыншысы Дезери Дуэ (8,50) мен «Реал» жұлдызы Килиан Мбаппені (8,33) басып озды.
Төрт матчта қақпаны қорғаған Анарбеков 21 сейв жасап, турнирдегі үздік үштікке енді. Одан көп соққыны тек «Марсель» қақпашысы Херенимо Рулли (33) мен «Буде/Глимт» өкілі Никита Хайкин (31) тоқтатқан.
Қалған екі ойында «Қайраттың» қақпасын Шерхан Қалмырза күзетті.
Жалпы кезеңнің алтыншы турында «Олимпиакосқа» қарсы ойында Анарбеков алғаш рет капитан ретінде алаңға шықты. «Қайрат» 0:1 есебімен жеңілсе де, УЕФА қазақстандық қақпашыны матчтың үздік ойыншысы деп таныды. Ол жеті қауіпті соққыны қайтарып, бірнеше мәрте командасын голдан құтқарды.