Шымкенттік клуб трансферлік нарықтағы жұмысын жалғастырып, Гана құрамасының футболшысы Дэвид Абагнаның ауысуы бойынша келісімге келгені белгілі болды.
“Ордабасы” құрамды күшейту бағытындағы жұмысын тоқтатар емес. Мәліметке сәйкес шымкенттік команда ганалық жартылай қорғаушы Дэвид Абагнаны қатарға қосу жөнінде келісімге келген.
Бұл трансфер жүзеге асса, клубтың орталық алаңдағы бәсекесі күшейе түсуі мүмкін.
27 жастағы африкалық футболшы қазір Кипрдің АПОЭЛ клубының намысын қорғап жүр. Биыл 13 матчқа қатысып, бір голдың авторы атанған.
Абагна алаңда көбіне орталық жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсетеді.
Дэвид Абагна тек клубтық деңгейде емес, халықаралық аренада да тәжірибе жинаған ойыншылардың қатарына кіреді. Ол 2022 жылы Гана ұлттық құрамасына шақырту алып, содан бері ұлттық команда сапында жеті матч өткізген.
Еске салайық, ҚПЛ-2026 маусымының алғашқы турында “Ордабасы” павлодарлық “Ертіспен” 2:2 есебімен тең түсті. Ал чемпионаттың екінші турында шымкенттік ұжым 16 наурызда сырт алаңда елордалық “Жеңіспен” кездеседі.