Түркістан облысының намысын қорғайтын "Тұран" ФК жабылудың алдында тұр.
Оңтүстік Қазақстандағы клубтың қазіргі ахуалына қатысты алаңдатарлық ақпарат шықты. Түркістандық “Тұран” клубының жұмысы тоқтауы ықтимал, деп жазады sportarena.kz goalkz_official-ға сілтеме жасап.
Тараған ақпаратта клуб ішінде түсініксіз жағдай қалыптасқаны айтылады. Сонымен қатар бапкер Виктор Кумыков пен клуб директорының қызметтен кеткені белгілі болған. Бұған қоса, клубтың ресми Instagram парақшасынан осы мамандардың тағайындалуына қатысты жарияланымдар да өшірілген.
Осыған дейін Бірінші лигада өнер көрсететін “Тұран” клубының сатылымға қойылғаны хабарланған. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы клубты 2,1 мың доллар көлемінде сатылымға шығарғаны айтылды.
Әзірге түркістандық командаға қаржы құюға ниетті инвесторлар табылмаған сыңайлы.
Маусым басталар шақта клубтың болашағы бұлыңғыр күйде қалып отыр. Алдын ала жоспар бойынша, 2 сәуір күні “Тұран” Бірінші лигадағы маусымын өз алаңында шымкенттік “Оңтүстік Академиясына” қарсы матчпен бастауы тиіс.
Алайда клубтың қазіргі ішкі жағдайы мен басқару құрылымындағы өзгерістер команда тағдырына қатысты сұрақтарды көбейтіп отыр.