Шетелдік футболшы Қазақстан Премьер-лигасындағы жалақы туралы ашық айтты

Сарапшы, спорт журналисі
14.04.2026, 20:49

Камерундық жартылай қорғаушы, кезінде қызылордалық "Қайсар" сапында ойнаған Кларенс Битанг Қазақстан Премьер-лигасындағы жалақы деңгейі мен отандық футболдағы басты мәселе жөнінде пікір білдірді.

vesti.kz

ҚПЛ-де қомақты қаржы табуға болады

Кларенс Битангтың айтуынша, Қазақстанда футболшылар үшін жоғары жалақы алуға мүмкіндік бар. Әсіресе бюджеті ауқымды клубтарда жақсы табыс табуға жол ашық.

Ол кейбір қазақстандық клубтардың қаржылық мүмкіндігі кең екенін айтып, ойыншының табысы оның командаға қаншалықты пайда әкелетініне тікелей байланысты екенін жеткізді. Шетелдік футболшының сөзінше, “Астана” мен “Тобыл” секілді клубтарда өте жоғары жалақы алуға болады. Тіпті бірнеше маусым Қазақстанда доп тепкен футболшы өзіне өмір бойына жететін қаржы жинап үлгеруі мүмкін.

Қазақстан футболындағы басты проблема аталды

Битанг Қазақстандағы мансабына қатысты теріс тұстарды да жасырмады. Оның айтуынша, ел футболындағы ең өзекті мәселе — жалақының кешіктірілуі.

Футболшы жалпы алғанда елдегі футбол инфрақұрылымы мен жанкүйерлік қолдауға оң баға берген. Ол клубтарда қолдау жақсы екенін, ал Қазақстанда футболға деген қызығушылық жоғары екенін атап өтті.

Кларенс Битанг “Қайсарда” үш маусым ойнады

Камерундық жартылай қорғаушы 2019 жылдан 2021 жылдың соңына дейін қызылордалық “Қайсар” клубының намысын қорғады. Осы аралықта ол командамен бірге Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Жалпы Қазақстан Премьер-лигасында Битанг:

  • 51 матч өткізді;
  • 1 гол соқты;
  • 1 нәтижелі пас берді.

Қазір Кларенс Битанг Ирак чемпионатында өнер көрсетіп жүр. Ол “Аль-Завраа” клубының ойыншысы саналады. Футболшының трансферлік құны шамамен 150 мың еуроға бағаланып отыр.

Реклама
Реклама