ӘЧ-2026: Кабо-Верде қақпашысы бір күнде миллиондаған оқырман жинады

Спорт шолушысы
16.06.2026, 14:30

Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возинья әлем чемпионатындағы Испанияға қарсы матчтан кейін әлеуметтік желілерде танымалдыққа ие болды.

Marvin Ibo Guengoer - GES Sportfoto/Getty Images

Топтық кезең аясында өткен кездесуде Кабо-Верде құрамасы турнир фавориттерінің бірі саналатын Испаниямен 0:0 есебімен тең түсті. Матчтың басты кейіпкері 40 жастағы қақпашы Возинья болды. Тәжірибелі голкипер қарсылас шабуылдарын бірнеше рет тоқтатып, жеті сейв жасады. Испания футболшылары матч барысында қақпаға 27 рет соққы бағыттап, оның жетеуі қақпа бағанының арасына дәл келгеніне қарамастан, гол соға алмады. Осы көрсеткішінің арқасында қақпашы кездесудің үздік ойыншысы атанды. 

Жазылушылар саны күрт өсті

Испаниямен ойынға дейін Возиньяның Instagram парақшасына шамамен 50 мыңға жуық адам жазылған болатын. Ал әлем чемпионатындағы ойынынан кейін оның танымалдығы күрт артты. Қазіргі уақытта Кабо-Верде қақпашысының әлеуметтік желідегі оқырмандарының саны 6 миллионнан асады. Осылайша, бір ғана матч аз уақыттың ішінде тәжірибелі футболшыны әлемдік деңгейдегі интернет жұлдызына айналдырды.

Матчтан кейін қақпашы өз командасының нәтижесіне жоғары баға берді.

“Әлемдегі ең мықты құрамалардың біріне қарсы ойнағанымызды білдік. Бірақ өз мүмкіндігімізді де жақсы түсініп, осы күн үшін көп еңбек еттік. Ойынның қиын болатынын да білдік, сондықтан нәтижеге ризамыз”

Возинья 2012 жылдан бері Кабо-Верде ұлттық құрамасы сапында 89 матч өткізген. ӘЧ-2026 іріктеу кезеңінде де негізгі қақпашы болып, он кездесудің жетеуінде ол өз қақпасына гол жібермеген.

Реклама
Реклама