"Ордабасы" 156,9 млн теңгеге сатылып, ресми түрде жаңа иесіне өтті
Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубы электронды аукцион арқылы сатылды. Клубтың 100% акциясы 156,9 миллион теңгеге жаңа меншік иесіне өтті.
Kapital.kz мәліметінше, аукцион 16 маусым күні e-qazyna электронды сауда алаңында өткен. Әзірге сатып алушының есімі ресми түрде жарияланған жоқ. Айта кетейік, бұған дейін “Ордабасы” клубы 224,2 миллион теңгеге сатылымға шығарылған болатын. Алайда 2026 жылдың 28 мамырында жоспарланған аукционға бірде-бір өтінім түспей, аукцион өтпей қалған. Кейін клубтың бастапқы бағасы шамамен 30%-ға төмендетіліп, қайтадан сатылымға қойылды.
Жаңа меншік иесіне қандай талаптар қойылды?
Жекешелендіру шарттарына сәйкес, жаңа меншік иесі клубтың спорттық бағытын кемінде 10 жыл бойы сақтауға міндетті. Сонымен қатар қызметкерлердің кемінде үштен екі бөлігін жұмыста қалдыруы, балалар және әйелдер футболын дамытуы, клубтың Қазақстан футбол федерациясының жарыстарына Шымкент қаласының атынан қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ, клуб акцияларының 100% пакетін 10 жыл ішінде кепілге қоюға тыйым салынады. Клубтың жаңа иесі Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімінсіз клубтың атауы мен логотипін өзгерте алмайды.