Испания емес! Соңғы үш мундиальдің чемпионын дәл тапқан экономист ӘЧ-2026 жеңімпазын атады

Бас редактор
Бүгін, 19:20

Opta мен букмекерлер Испанияға сенсе, соңғы үш мундиаль жеңімпазын дәл болжаған неміс экономисі Нидерланд құрамасын чемпион көреді.

forbes.ru

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатын кім жеңеді? Сарапшылар мен букмекерлер Испанияны негізгі фаворит санайды. Бірақ соңғы үш мундиальдың жеңімпазын дәл тапқан неміс экономисі Йоахим Клеман Нидерланд құрамасына сенім артып отыр.

Opta суперкомпьютері Испанияны басты фаворит деп атады

Аналитикалық компания Opta-ның суперкомпьютері 2026 жылғы әлем чемпионатында Испания құрамасының мүмкіндігі ең жоғары дейді. 10 мың симуляцияның қорытындысы бойынша, Луис де ла Фуэнте шәкірттерінің чемпион атану ықтималдығы 16,2 пайыз болды. 

Фото: vesti.kz

Екінші орында Франция тұр. Қазіргі кезде ең тұрақты құрамалардың бірі саналатын француздардың мүмкіндігі 13 пайыз деп бағаланған. Франция соңғы онжылдықтарда әлем чемпионатында аса жоғары нәтиже көрсетіп келеді: 1998 және 2018 жылдары чемпион атанды, ал 2006 және 2022 жылдары финалға шықты.

Испанияның соңғы жылдардағы формасы да керемет. Қазіргі Еуропа чемпиондары турнир басталар алдында ресми матчтарда 31 ойын қатарынан жеңілмеген. Бұл — Испания құрамасы тарихындағы ең ұзақ жеңіліссіз серия.

Англия да басты үміткерлер қатарында

Opta болжамы бойынша, үшінші негізгі фаворит — Англия құрамасы. Ағылшындар 1966 жылдан бері әлем чемпионы атана алмай келеді. Содан бері команда мундиальдің жартылай финалына тек екі рет шықты: 1990 және 2018 жылдары.

Фото: news.sportbox.ru

Биыл суперкомпьютер Англияның жартылай финалға шығу ықтималдығын 30,4 пайыз деп бағалап отыр.

Англияның қорғаныстағы көрсеткіші айтарлықтай. 2025 жылы команда 10 матчта гол жібермеген. 

Топ-10 фаворит: Еуропа басым

Opta нұсқасы бойынша, ӘЧ-2026 жеңімпазы атануға басты үміткерлердің көбі — Еуропа құрамалары.

Испания, Франция және Англиядан бөлек, үздік ондыққа Португалия, Германия, Нидерланд, Норвегия және Бельгия кіреді. Еуропадан тыс басты үміткерлер қатарында Аргентина мен Бразилия бар.

Аргентинаның чемпиондық мүмкіндігі 10,29 пайыз деп бағаланса, Бразилияға 6,53 пайыз берілген. Ал Марокко Африка құрлығынан басты үміткер команда ретінде аталады — 1,68 пайыз.

Үш турнир қожайынының ішінде АҚШ алда тұр. Америкалықтардың чемпион болу ықтималдығы 1,32 пайыз. Мексикаға 0,97 пайыз, Канадаға 0,51 пайыз берілген.

Silver Bulletin жүйесі Испанияны жоғары қойды

Silver Bulletin ұсынған PELE рейтингі де Испанияны басты фаворит деп отыр. Бұл жүйе командалардың жалпы шеберлігін, шабуыл мен қорғанысқа бейімділігін, жеребенің күрделілігін және күтпеген сенсация ықтималдығын есепке алады.

PELE моделі 100 мың ықтимал сценарийді есептеп шыққан. Оның қорытындысы бойынша, Испания бірінші орында тұр. Бірақ сарапшылар бір маңызды факторды атап өтеді: егер Ламин Ямаль жарақатына байланысты бірнеше матчты өткізіп алса, Испанияның рейтингі төмендеуі мүмкін.

Екінші орынға Silver Bulletin Аргентинаны қойды. Қазіргі әлем чемпионы соңғы жылдары екі рет Америка кубогын жеңіп, КОНМЕБОЛ іріктеуінде де сенімді өнер көрсетті.

Үшінші орында Англия, одан кейін Франция, Бразилия және Германия орналасқан. Ал Португалия, Норвегия, Колумбия және Нидерланд алғашқы ондықта.

Неміс экономисі Нидерландты чемпион көреді

Ең қызығы — неміс экономисі Йоахим Клеманның болжамы. Ол бұған дейін соңғы үш әлем чемпионатының жеңімпазын дәл тапқан.

Фото: NUR.KZ

Клеман жасаған модель ел халқының саны, экономикалық даму деңгейі, климаттық жағдай, ФИФА рейтингі және басқа да факторларды есепке алады. Экономистің айтуынша, бұл жүйе бәс тігу үшін емес, көп фактор әсер ететін оқиғаларды болжаудың қаншалықты күрделі екенін көрсету үшін жасалған.

Бірақ 2014 жылы Германияның, 2018 жылы Францияның, 2022 жылы Аргентинаның жеңісін дәл болжағаннан кейін бұл модельге қызығушылық күрт артты.

Клеманның ӘЧ-2026 бойынша болжамы күтпеген нәтиже ұсынады: оның есебінше, әлем чемпионы Нидерланд құрамасы болады.

Сонымен қатар ол плей-оффта бірнеше сенсация болуы мүмкін екенін айтады. Мысалы, Жапония 1/8 финалда Бразилияны жеңуі ықтимал, ал Шотландия осы кезеңде Оңтүстік Кореядан ұтылады деген болжам бар.

Журналистер Испания мен Аргентина финалын күтеді

ESPN авторы Райан О'Хэнлон жасанды интеллектке сүйенбей, 104 матчты өзі талдап шыққан. Оның болжамынша, финалда Испания мен Аргентина кездеседі.

Фото: Tribuna.uz

Журналистің пікірінше, дәл қазіргі нәтижелерге қарасақ, аталған екі құрама әлемдегі үздік командалар саналады. Аргентина соңғы әлем чемпионатын және екі Америка кубогын жеңді. Испания Еуропа чемпионы атанды, Ұлттар лигасының финалына шықты және іріктеу кезеңінде бар-жоғы екі гол жіберді.

О'Хэнлонның ойынша, жеребе де екі команда үшін қолайлы түскен. Сондықтан олардың финалға шығуы ең қисынды сценарийлердің бірі болуы мүмкін.

Реклама
Реклама