Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасынан не үшін кеткенін ашып айтты
Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы маманның отставкасын қабылдағанын ресми хабарлаған еді.
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кету себебін түсіндірді. Маман бұл шешімнің оңай болмағанын айтып, тиімді жұмыс істеуге қажетті кәсіби жағдайдың жеткіліксіз болғанын меңзеді.
Талғат Байсуфинов "Тотальный футбол KZ" телеграм-арнасына берген эксклюзивті пікірінде Қазақстан құрамасындағы қызметінен кетуіне байланысты мәлімдеме жасады.
"Бұл мен үшін жай қызмет болған жоқ"
Байсуфинов өз сөзінде ұлттық құрамамен жұмыс істеу әрқашан үлкен жауапкершілік болғанын атап өтті.
"Мен үшін құрамадағы жұмыс ешқашан жай ғана қызмет болған емес. Бұл — ел алдындағы, жанкүйерлер алдындағы және ұлттық құраманың эмблемасын тағатын әрбір футболшы алдындағы үлкен құрмет пен жауапкершілік", — деді маман.
Оның айтуынша, ұлттық құрамадағы кезеңде команда жеңіс те, жеңіліс те, қиын сәттер де, үміт сыйлаған кезеңдер де бастан өткерген.
Байсуфинов кәсіби жағдайдың маңызын айтты
Бұрынғы бас бапкер өз қызметін адал атқарғанын және дәл сондай талапты өзіне де, бапкерлер штабына да қойғанын жеткізді.
Алайда оның сөзінше, белгілі бір сәтте нәтижеге толық жауап беру үшін қажетті кәсіби жағдай болмаған кезде тиімді жұмыс істеу мүмкін болмайды.
"Бас бапкер мен оның штабынан нәтиже үшін ең жоғары жауапкершілікті талап етіп, сонымен қатар тиісті қолдау, кәсіби көзқарас және ұлттық құраманың мүддесі үшін күн сайын жұмыс істейтін адамдарға құрмет көрсетпеу дұрыс емес", — деді Байсуфинов.
"Жоғары талапқа лайықты жағдай керек"
Талғат Байсуфинов жоғары талап әрдайым соған сай жұмыс жағдайымен қатар жүруі керек екенін айтты. Оның пікірінше, нәтиже үшін жауапкершілік жүктелген мамандарға сенім мен құрмет болуы қажет.
"Жоғары талап тиісті жұмыс жағдайымен, өзара сеніммен және нәтижеге жауапты мамандарға деген құрметпен бірге жүруі тиіс", — деп атап өтті ол.