Әлем чемпионатындағы ең сымбатты футболшы анықталды

Жекпе-жек шолушысы

Жасанды интеллектке негізделген DreamGF платформасы футболшылардың сырт келбетін "алтын қима" әдісі арқылы бағалап, үздіктер тізімін ұсынды.

Әлем чемпионатындағы ең сымбатты футболшы анықталды
Instagram/@fifaworldcup

Родриго де Пауль рейтингте бірінші орын алды

Зерттеу нәтижесінде Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Родриго де Пауль ең сымбатты футболшы деп танылды. Оның көрсеткіші — 74,18%.

Екінші орынға Германия құрамасының шабуылшысы Кай Хаверц жайғасты. Неміс футболшысының нәтижесі 74,10% болды. Екі ойыншының арасындағы айырмашылық өте аз.

Ал үздік үштікті Англия құрамасының вингері Нони Мадуэке түйіндеді. Оның көрсеткіші — 73,29%.

Рейтинг қалай жасалды?

DreamGF платформасы футболшылардың бет әлпетін арнайы алгоритм арқылы саралаған. Бағалау кезінде бет симметриясы, пропорция, пішін үйлесімі және жалпы сыртқы келбет гармониясы ескерілген.

Аталған әдіс "алтын қима" қағидасына негізделген. Бұл тәсіл эстетикалық үйлесімділікті математикалық өлшемдер арқылы анықтауға мүмкіндік береді.

Дегенмен әлеуметтік желі қолданушылары бұл рейтингті біржақты қабылдаған жоқ. Көптеген жанкүйер мұндай бағалаудың субъективті екенін айтып, жасанды интеллект таңдауы қызу талқылауға себеп болды.

Кейбір футболсүйер қауым Родриго де Паульдің көш бастағанын қолдаса, енді бірі рейтингте басқа ойыншылардың болуы керек еді деген пікір білдірді.