Модрич Мессиге жақындады: Хорватия аңызы тарихи межеге жетті

Бас редактор
Бүгін, 10:58

Лука Модрич ұлттық команда сапында 200 матч өткізген әлемдегі төртінші футболшы атанды. 

sports.ru

Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич ұлттық команда сапында 200 матч өткізген әлемдегі төртінші футболшы атанды. 40 жастағы ойыншы үшін мерейтойлық кездесу 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Панамаға қарсы матч болды.

Модрич ӘЧ-2026 турнирінің екінші турында Панама құрамасына қарсы ойында Хорватияның негізгі құрамында алаңға шықты. 

Қазіргі таңда ұлттық құрамадағы матч саны бойынша көш басында Португалия жұлдызы Криштиану Роналду келеді. Оның еншісінде 230 ойын бар. Екінші орында Кувейт футболшысы Бадер әл-Мутава — 202 матч. Үшінші сатыда Аргентина капитаны Лионель Месси тұр. Ол ұлттық құрама сапында 201 кездесу өткізген.

Модричтің клубтық деңгейдегі мансабы

Лука Модрич 2025 жылдың шілдесінен бері италиялық "Милан" сапында өнер көрсетіп жүр. Бұған дейін ол ұзақ жыл бойы мадридтік "Реалдың" негізгі ойыншыларының бірі болды.

Хорватиялық футболшы "Реалға" 2012 жылдың жазында ауысқан еді. Испаниялық клубпен бірге ол алты рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сондай-ақ бес рет клубтық әлем чемпионатында топ жарды, төрт рет Испания чемпионы атанды, екі рет ел кубогын және бес рет Испания суперкубогын жеңіп алды.

Модрич мансабында ағылшынның "Тоттенхэм" және Загребтің "Динамо" клубтарында да ойнаған.

2018 жылы Лука Модрич әлем футболындағы ең беделді жеке марапаттардың бірі — "Алтын допты" жеңіп алды. 

2018 жылғы әлем чемпионатында Хорватия құрамасымен күміс медаль жеңіп алды. Ал 2022 жылғы мундиальда команда қола жүлдегер атанды.

2026 жылғы әлем чемпионаты Модрич үшін мансабындағы бесінші мундиаль болып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша одан алда тек Криштиану Роналду мен Лионель Месси бар. Екі футболшы да алты әлем чемпионатына қатысқан.

Реклама
Реклама