Қазақстан жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында ойнайды

Футбол шолушысы
Бүгін, 21:00

Қазақстан U-15 құрамасы ФИФА аясында алғаш рет ұйымдастырылатын жасөспірімдер арасындағы әлемдік турнирге қатысады.

Instagram/@kff_jastar

Қазақстан тарихи турнирге қатысады

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше U-15 жасөспірімдер құрамасы FIFA U-15 World Cup and Festival 2026 турнирінде бақ сынайды.

Бұл жарыс ФИФА тарихындағы жаңа жоба саналады. Турнир жас футболшылардың қабілетін ерте жастан анықтауға, олардың техникалық шеберлігін дамытуға және халықаралық деңгейдегі ойын тәжірибесін арттыруға бағытталған.

Турнир Әзербайжанда өтеді

Дебюттік жарыс 2026 жылдың 22-31 қазаны аралығында Әзербайжанда ұйымдастырылады. ФИФА бұл жобаны футбол фестивалі форматында өткізуді жоспарлап отыр.

Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты — болашағынан үміт күттіретін жас ойыншыларға халықаралық ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Сонымен қатар бұл турнир футболшыларды алдағы FIFA U-17 әлем чемпионатына дайындаудың маңызды кезеңі ретінде қарастырылады.

Ойын форматы қандай болады?

FIFA U-15 World Cup and Festival 2026 матчтары 8-ге 8 форматында өтеді. Бұл санға қақпашы да кіреді.

Мұндай жүйе осы жас санатындағы футболшыларға арнайы бейімделген. Форматтың басты ерекшелігі:

  • ойыншылар доппен жиі жұмыс істейді;
  • алаңда көбірек шешім қабылдайды;
  • шабуыл әрекеттеріне белсендірек қатысады;
  • ойын қарқыны жоғары болады;
  • жас футболшылардың техникалық және тактикалық дамуына жағдай жасалады.

Қатысу талаптары

Алдын ала регламент бойынша турнирге 2011 және 2012 жылы туған футболшылар қатыса алады.

Әр команда жарысқа 14 ойыншы тіркей алады. Оның ішінде кемінде екі қақпашы болуы тиіс. Сонымен қатар құрамамен бірге бапкерлер штабы мен әкімшілік топтан алты өкіл бара алады.

Турнир екі негізгі кезең бойынша өтеді:

1. іріктеу кезеңі;

2. негізгі кезең.

Маңызды ерекшелік — командалар көрсеткен нәтижесіне қарамастан, жарыстың соңына дейін турнир аясында ойын өткізе береді. Бұл жүйе қатысушыларға көбірек матч тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.

ФИФА барлық ұлттық қауымдастықтарды шақырды

Алғашқы жасөспірімдер турниріне ФИФА құрамындағы барлық 211 ұлттық қауымдастықтың командалары шақырылған.

ФИФА-ның стратегиялық жоспарына сәйкес, 2026 жылы Әзербайжанда өтетін дебюттік жарыс тек ұлдар арасында ұйымдастырылады. Ал 2027 жылы екінші фестиваль тек U-15 қыздар құрамалары арасында өтеді деп жоспарланған.

2028 жылдан бастап бұл жоба ФИФА күнтізбесіне тұрақты түрде енгізіліп, ұлдар мен қыздар арасында бөлек әлем чемпионаттары ретінде өткізілмек.

Реклама
Реклама