Максим Самородов "Спартакқа" рекордтық сомаға ауысуы мүмкін

Бас редактор
29.06.2026, 16:13

Егер тараптар келісімге келсе, Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер болады.

matchtv.ru

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Мәскеудің "Спартак" клубына ауысуы мүмкін. Трансфер көлемі 6-7 миллион еуро. Бұл туралы журналист Анар Ибрагимов хабарлады. Егер тараптар келісімге келсе, ол Қазақстан футболы үшін рекордтық көрсеткіш болмақ.

"Спартак" Самородов үшін қанша ұсынды?

Ибрагимовтың мәліметінше, "Спартак" 24 жастағы шабуылшы үшін 4 миллион еуро ұсынған. Алайда бұл сома "Ахмат" клубын қанағаттандырмаған.

Журналистің айтуынша, Грозный клубы Самородов үшін шамамен 10 миллион еуро алғысы келеді. Дегенмен келіссөз барысында тараптар 6-7 миллион еуро және қосымша бонустар көлеміндегі нұсқаға тоқтауы мүмкін.

"Спартак" Самородов үшін 4 миллион еуро ұсынып отыр. Менің ақпаратым бойынша, бұл сома "Ахматты" қанағаттандырмайды, себебі клуб 10 миллион еуро алғысы келеді. Тараптар 6-7 миллион еуро және бонустар бойынша келісуі ықтимал", — деп жазды Анар Ибрагимов өзінің телеграм-арнасында.

Қазақстан футболындағы рекорд жаңаруы мүмкін

Егер Максим Самородов "Спартакқа" 6-7 миллион еуроға ауысса, бұл Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер болады.

Қазіргі таңда рекорд Дастан Сәтпаевқа тиесілі. Қазақстандық жас шабуылшының "Челсиге" ауысуы 4 миллион еуроға бағаланған болатын.

Самородов "Ахматқа" қашан ауысты?

Максим Самородов Грозныйдың "Ахмат" клубына 2024 жылдың тамызында "Ақтөбеден" ауысты. 

Қазіргі таңда футболшының трансферлік құны 3 миллион еуроға бағаланады. Оның "Ахматпен" келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды.

Өткен маусымда отандасымыз "Ахмат" сапында барлық турнирлерді қосқанда 34 матч өткізді. Осы кездесулерде 5 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.

Реклама
Реклама