"Нағыз ер азаматқа лайық емес": депутат Аралбайұлы қазақстандық футболшыларды сынға алды

Бокс шолушысы
29.06.2026, 19:00

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мемлекеттік қаржы есебінен күн көретін кәсіби футбол клубтарына бөлінетін қаражатты шектеу қажет екенін тағы да алға тартты.

el.kz

Орынсыз шағым

Нартай Аралбайұлының пікірінше жоғары жалақы алып, барлық жағдайы жасалған футболшылардың шағым айтуы қоғамдағы әлеуметтік мәселелер аясында орынсыз көрінеді.

Аралбайұлы ел ішінде айлығы төмен жұмыста жүрген азаматтар көп екенін еске салды.

"Кешіріңіздер, бірақ біздің әке-шешелеріміздің арасында 85 мың теңгеге еден жуып жүрген адамдар бар. Ал дәл осы кезде жаттығу және ойын формасы тегін берілетін, миллиондаған жалақы алатын, массаж жасайтын маманы бар, коктейль дайындап беретін қызметкері бар футболшылардың шағым айтуы мүлде орынсыз. Менің ойымша, бұл нағыз ер азаматқа лайық әрекет емес", — деді депутат.

Мемлекет қаржысын футболға бей-берекет жұмсауға болмайды

Депутат кәсіби футболды мемлекет есебінен қаржыландыру мәселесіне бұрыннан қарсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, футболға бюджеттен миллиардтаған теңге бөлу саланың дамуына нақты серпін бермеген.

Аралбайұлы бұған дейін футболға бөлінетін қаржыны шектеу туралы бастама көтергенде, кей сарапшылар мен БАҚ өкілдері тарапынан сын айтылғанын жеткізді.

"Біз футболды қаржыландыруды шектеу керек деген кезде, кейбір сарапшылар мен өзін спорт талдаушысы деп атайтындар негізсіз сын айтты. “Сіздер футболды өлтіресіздер, дамуын тоқтатасыздар. Шетелдік футболшылар келсе, мемлекет қаржыландырса, футбол керемет дамиды” деді. Бірақ егер бұл шынымен дамуға әсер етсе, футбол әлдеқашан дамып кетуі керек еді", — деді ол.

Футболға миллиард бөлу дұрыс па?

Мәжіліс депутатының сөзінше, елде әлеуметтік салада, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ерекше қажеттілігі бар балаларға қаржы жетіспейтін жағдайлар кездеседі. Сондықтан мемлекет ақшасын кәсіби футболға шексіз жұмсау әділетсіздік тудырады.

"Әлеуметтік салада, мүгедектігі бар жандар мен ерекше балаларға қажетті қаражат кейде табылмай жатады. Осындай жағдайда мемлекеттік ақшаны футболға ойланбай жұмсауға болмайтынына көз жеткіздік", — деді Аралбайұлы.

Футбол клубтарын жекеменшікке беру

Нартай Аралбайұлы бұған дейін де Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарының бюджет есебінен қаржыландырылуын бірнеше рет сынға алған. Ол Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, футбол клубтарын мемлекеттік қаражатпен ұстауды тоқтату қажеттігін мәлімдеген.

Депутаттың ұстанымынша, кәсіби клубтар жекеменшікке өтіп, демеуші тартуды, маркетинг арқылы табыс табуды және өз шығынын өзі өтеуді үйренуі керек.

Ол өңірлік бюджеттерде тапшылық бар кезде кейбір облыс әкімдіктерінің футболға миллиардтаған теңге табатынын парадокс деп санайды.

Реклама
Реклама