Смақов мансабын "Бешікташта" жалғастырады
Алматылық "Қайраттың" 18 жастағы жартылай қорғаушысы Аламгир Смақов Түркияның әйгілі "БешІкташ" клубына ауысуға жақын.
“Бешікташ” сапына қосылды
Қазақстандық жас футболшы Аламгир Смақов мансабын Түркияда жалғастыруы мүмкін. ASnews.kz хабарлағандай, 18 жастағы жартылай қорғаушы Ыстанбұлға барып, “Бешікташ” клубының резервтік командасына қосылған.
Жас ойыншы 3 шілдеде басталатын оқу-жаттығу жиынына қатысады. Команда құрамында 2006, 2007, 2008 және 2009 жылы туған футболшылар бар.
Аламгир Смақовтың “Бешікташқа” ауысуы бұған дейін-ақ келісілгені айтылды. Дегенмен футболшы кәмелет жасына толмағандықтан трансферді толық рәсімдеу мүмкін болмаған.
Енді 18 жасқа толған қазақстандық жартылай қорғаушы Түркиядағы жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік алып отыр.
Биыл қалай ойнады?
Аламгир Смақов ағымдағы маусымда “Қайрат” жүйесінде нәтижелі ойын көрсеткен. Бірінші лигада жеті матч өткізіп, төрт гол соқты.
Сонымен қатар Қазақстан Кубогында екі рет алаңға шықты. Бұл көрсеткіш оның шабуылға белсенді араласатын, гол соғу қабілеті бар жартылай қорғаушы екенін көрсетеді.