"Ақтөбе" 98-минутта жеңісті жұлып алды (ВИДЕО)
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 16-турында "Ақтөбе" Талдықорғанның "Жетісу" клубын қабылдады.
Нанидің бұрыштамасы және Ордецтің голы
Бірінші таймның негізгі уақыты аяқталып, қосымша минуттар жүріп жатқан сәтте ақтөбеліктер есеп ашты. Луиш Нани орындаған бұрыштамасынан кейін Иван Ордец айып алаңында сәтті қимылдап, допты қақпаға бағыттады.
Осылайша үзіліске дейін алаң иелері 1:0 есебімен алға шықты.
"Жетісу" пенальтиден есепті теңестірді
Екінші таймда "Жетісу" белсендірек ойнауға тырысып, кездесудің соңына қарай өз мүмкіндігін тапты. Матчтың аяқталуына аз уақыт қалғанда талдықорғандықтар пенальти тебу құқығына ие болды.
Он бір метрлік айып добынан Асхат Балтабеков мүлт кетпеді.
Шешуші гол 98-минутта соғылды
Матч тең есеппен аяқталатындай көрінген. Бірақ қосымша уақыттың сегізінші минутында "Ақтөбе" де пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды.
Бұл сәтте жауапкершілікті Гиорги Зария өз мойнына алды. Ол "нүктеден" командасына драмалық жеңіс сыйлады.
Осы жеңістен кейін "ақ-қызылдар" Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 25 ұпай жинады. Ал "Жетісудың" еншісінде 18 ұпай қалды.