"Ордабасы" ҚПЛ-да көшбасшылығын қайтарып алды (ВИДЕО)
Шымкенттік "Ордабасы»" Қазақстан Премьер-Лигасының 16-турында Жезқазғанның "Ұлытауын" қабылдады.
Берн Йонсен жеңіс голын соқты
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері ойынды өз бақылауына алуға тырысты. Шымкенттік клуб қарсылас қақпасына жиі қысым жасап, шабуылда белсенді қимылдады. Дегенмен "Ұлытау" қорғанысы бірінші таймда сыр бермей, үзіліске дейін есеп ашылған жоқ.
Екінші таймның басында жезқазғандық команда да гол соғуға мүмкіндік алды. Бірақ өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ал "Ордабасы" шешуші сәтте тиімді ойнап, Берн Йонсеннің голы арқылы алға шықты.
"Ордабасы" қайтадан көш басында
Осы жеңістен кейін "Ордабасы" ұпай санын 40-қа жеткізіп, Қазақстан Премьер-Лигасының турнир кестесінде көшбасшылықты қайтарып алды. Шымкенттік клуб "Қайраттан" бір ұпай алда тұр. Сонымен қатар шымкенттіктердің қорында тағы екі ойын бар.
Ал "Ұлытау" 23 ұпаймен турнир кестесінің орта бөлігінде орналасқан.