"Бұл – менің соңғы әлем чемпионатым". Роналду ӘЧ-2026 туралы күтпеген мәлімдеме жасады

Спорт шолушысы

Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты ұлттық құрама сапындағы соңғы мундиаль болатынын мәлімдеді.

"Бұл – менің соңғы әлем чемпионатым". Роналду ӘЧ-2026 туралы күтпеген мәлімдеме жасады
Getty Images

Тәжірибелі шабуылшы қазіргі турнирден барынша ләззат алғысы келетінін айтып, мансабын еш өкінішсіз аяқтағысы келетінін жеткізді.

“Бұл – менің соңғы әлем чемпионатым. Сондықтан әр сәттен ләззат алуым керек. Мен футболды сүйгендіктен ойнаймын, не болса да бақытты боламын. Өзіме қысым жасап, мансабымның соңына дейін міндетті түрде жеңіске жетуім керек деп ойлай алмаймын”, – деді Роналду.

Бұл шешімге дейін оның әпкесі Катя Авейру қазіргі турнир Роналдудың Португалия құрамасындағы соңғы жарысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. 3 шілде күні футболшы бұл мәселеге қатысты асығыс шешім қабылдамайтынын мәлімдеп, болашағы жөнінде турнир аяқталғаннан кейін нақты шешім шығаратынын жеткізген болатын. Енді бұл тұжырымды футболшының өзі ресми түрде растады.

41 жастағы шабуылшы үшін бұл – мансабындағы алтыншы әлем чемпионаты. Осылайша ол әлем чемпионаттарына ең көп қатысқан футболшылардың бірі атанды. Роналду Португалия құрамасымен Еуропа чемпионатын (2016) және УЕФА Ұлттар лигасын (2019, 2025) жеңіп алған. Ал әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі - 2006 жылғы мундиальдағы төртінші орын.

Келесі қарсылас - Испания

Португалия құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Испаниямен 6 шілде кездеседі.