ҚПЛ-де жасанды алаңдарға тыйым салу шарты айтылды
Бұл туралы ҚФФ-ның кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Ержан Мұсабеков пікір білдірді.
Қазақстан футбол федерациясының өкілі Ержан Мұсабеков Премьер-лига матчтарын тек табиғи газонда өткізу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол "Бірінші бол" YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
"Премьер-лигада ресми ойындар тек табиғи газонда өтсін деген идея болған. Бірақ әзірге УЕФА мен ФИФА жасанды алаңда ойнауға рұқсат беріп отыр. Оның үстіне Қазақстанның аумағы үлкен. Сондықтан біз алдымен жаңа стадиондар салып, инфрақұрылымды ретке келтірген дұрыс деп ойладық. Келесі шешіміміз, бәлкім, осы бағытта болуы мүмкін. Әзірге қысым жасамайық деп шештік", — деді Ержан Мұсабеков.
Қазақстанда жасанды алаңдар көп
Қазіргі таңда Қазақстандағы футбол стадиондарының басым бөлігінде жасанды жабын қолданылады. Бұл елдің климаттық ерекшеліктерімен және табиғи газонды күтіп-баптау шығындарының жоғары болуымен байланысты.
Табиғи немесе гибридті газон санаулы ареналарда ғана сақталған. Олардың қатарында Алматыдағы Орталық стадион, Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион және Қостанайдағы Орталық стадион бар.