Салах "Трабзонспормен" келісімшартқа қол қойды (ВИДЕО)
Мысыр құрамасының жұлдызы Мохамед Салах мансабын Түркия чемпионатында жалғастырады.
Салахтың трансфері таныстырылды
Түркиялық клуб әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Мохамед Салахтың "Трабзонспор" жейдесін киіп тұрған қысқа бейнеролигін жариялады.
Видеода мысырлық футболшы жаңа командасының жанкүйерлеріне үндеу жасады.
"Дайынсыздар ма? Дауыстарыңызды естіп тұрмын. Жақында кездескенше. Біз үшін бүкіл әлем – Трабзон", – деді Салах.
Мохамед Салах жаңа клубында 61-нөмірмен өнер көрсетеді.
Жалақысы қанша болады?
"Трабзонспор" келісімнің қаржылық және мерзімдік шарттарын әзірге ресми түрде жариялаған жоқ. Бірақ түркиялық инсайдер Ягыз Сабунчоғлудың мәліметінше, футболшының келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін есептелген.
Ақпарат көзінің жазуынша, Мохамед Салах екі маусым ішінде жалпы 34 миллион еуро табыс табады. Сонымен қатар шабуылшы өзінің есімі жазылған клубтық тауарлар сатылымынан түскен кірістің 20 пайызын алып отырады.
"Ливерпульмен" қоштасты
Мохамед Салах 2017 жылдың жазынан бастап ағылшынның "Ливерпуль" клубында ойнады. 2025/26 жылғы маусым аяқталғаннан кейін мерсисайдтық командадан кетті.
Мысырлық шабуылшы "Ливерпуль" сапында 442 матчқа қатысып, 257 гол соқты және 123 нәтижелі пас берді.
Салах клуб тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде үшінші орында тұр. Ол бұл көрсеткіш бойынша тек Иан Раш пен Роджер Ханттан қалып қойды.
- Иан Раш – 339 гол;
- Роджер Хант – 280 гол;
- Мохамед Салах – 257 гол.
Мохамед Салах Англиядағы мансабы кезінде командалық және халықаралық деңгейде бірнеше ірі жүлдеге ие болды.
"Ливерпульмен" бірге Англия чемпионатын екі рет жеңіп алды, Англия лигасының кубогын екі рет иеленді, Англия кубогының жеңімпазы атанды, Англия суперкубогын жеңді, УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарды, УЕФА суперкубогын иеленді және клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті.
Қандай клубтарда ойнады?
Салах кәсіби мансабын Мысырда бастап, кейін Еуропаның бірнеше чемпионатында өнер көрсетті.
Шабуылшының бұрынғы клубтары:
- "Базель" – 2012-2014 жылдар;
- "Челси" – 2014-2016 жылдар;
- "Фиорентина" – 2015 жыл;
- "Рома" – 2015-2017 жылдар;
- "Ливерпуль" – 2017-2026 жылдар.
Швейцариялық "Базель" сапында ел чемпионатын екі рет жеңіп алған.
Мысыр ұлттық құрамасы үшін 101 матч өткізіп, 57 гол соқты және 33 нәтижелі пас берді.