Футболдан Қазақстан құрамасын шетелдік маман жаттықтырады

Жекпе-жек шолушысы
06.08.2026, 18:30

Жаңа жаттықтырушының есімі 7 тамызда Астанада ресми түрде жарияланады.

Instagram/@kff_team

Жаңа бапкер кім болады?

Журналист Ермұхамед Мәуленнің мәліметінше, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманы сеніп тапсыратын маманды анықтап қойған болуы мүмкін.

"Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманы басқаратын бапкерді тапқан секілді. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, жаңа бас бапкер шетелдік маман болады. Ол командамен тек жыл соңына дейін жұмыс істеуі мүмкін", — деп жазды журналист өзінің Telegram-арнасында.

Бірақ Қазақстан құрамасының тізгінін нақты кім ұстайтыны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

ҚФФ жаңа бас бапкерді 7 тамызда таныстырады

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың жаңа бас бапкерінің таныстырылымы 7 тамызда Астанада өтетінін хабарлады.

"Қазақстан футбол федерациясы 7 тамызда Астанада ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін таныстыру рәсімі өтетінін хабарлайды. Таныстырылым барысында ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн мен жаңа бас бапкердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді", — делінген федерация мәлімдемесінде.

Алдын ала ақпарат бойынша жаңа маман Қазақстан құрамасын 2026 жылдың соңына дейін жаттықтыруы ықтимал. Оның келісімшарт мерзімі мен алдына қойылатын міндеттер таныстырылым кезінде белгілі болуы мүмкін.

Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін Талғат Байсуфинов атқарған. Ол 22 маусымда қызметінен кеткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында оның орнына келуі мүмкін бірнеше қазақстандық және шетелдік маманның есімі аталды.

Реклама
Реклама