BBC Дастан Сәтбаевтың "Челсидің" негізгі құрамында қалу мүмкіндігін бағалады
BBC басылымы 17 жастағы қазақстандық футболшының жаңа маусымда өзін көрсетуге мүмкіндігі жоғары екенін жазды.
Ағылшын Премьер-лигасының жаңа маусымы қарсаңында BBC әр клубтан серпіліс жасауға қабілетті жас ойыншыларды атап өтті. "Челси" сапынан бұл тізімге қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтбаев енгізілді.
ВBC Сәтбаевты ерекше атап өтті
BBC материалына сәйкес, Дастан Сәтбаев 2026/2027 маусымында "Челсидің" негізгі құрамына бекінуге ең жақын үміткерлердің бірі саналады.
Басылым 17 жастағы қазақстандық шабуылшының жаңа бас бапкер Хаби Алонсо тарапынан жоғары баға алғанын атап өтті.
BBC Дастан Сәтбаевтың ойын мәнеріне де тоқталды. Басылым оның "Вестерн Сидней Уондерерске" қарсы матчта жақын бұрышқа қуатты соққымен гол соққанын еске салды. Сондай-ақ қазақстандық футболшының жылдам, физикалық тұрғыдан мықты және тұрақты түрде гол соға алатын шабуылшы ретінде көрінгенін жазды.
Чемпиондар лигасында тәжірибесі бар
BBC Сәтбаевтың жас болса да халықаралық деңгейде тәжірибе жинап үлгергенін атап өтті.
Басылым оның Чемпиондар лигасында ойнағанын және Қазақстанда жұлдыз ойыншыға айналғанын жазды. Сонымен қатар Сәтбаевтың 2025 жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында тоғыз матч өткізгені айтылды.
Толыққанды ойыншы мәртебесін қашан алады?
Дастан Сәтбаев ресми түрде "Челсидің" толыққанды ойыншысы атану үшін 18 жасқа толуы қажет.
Ол бұл мәртебеге 2026 жылғы 12 тамызда, яғни туған күнінде ие бола алады.