АПЛ чемпионы 300 миллион долларға сатылымға шығарылды
Англия Премьер-лигасының бұрынғы чемпионы "Лестер Сити" жаңа қожайын іздеп жатыр.
"Лестер Ситидің" бағасы қанша?
Америкалық Citigroup инвестициялық банкі қазір "Лестер Ситиге" қызығушылық танытуы мүмкін инвесторлар мен әлеуетті сатып алушыларды іздестірумен айналысып жатыр.
Сатылымға қойылған активтер пакетіне тек футбол клубы емес, бірнеше маңызды нысан кіреді. Атап айтқанда, мәміле аясында "Кинг Пауэр" стадионы, "Лестердің" жаттығу базасы және Бельгияның "Ауд-Хеверле Левен" клубы ұсынылады.
The Athletic мәліметінше, King Power International иелігіндегі футбол активтерінің жалпы құны шамамен 300 миллион доллар деп бағаланған.
Бірақ клубтың төменгі дивизионға түсіп қалуы оның нарықтық бағасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Дереккөздердің ақпараты бойынша, нақты келісім құны 200 миллион доллар шамасында болуы ықтимал.
"Лестер Ситидің" басты жетістіктері
"Лестер Сити" Англия футболындағы ең сенсациялық чемпиондықтардың бірінің авторы саналады. Клуб 2015/2016 маусымында Англия Премьер-лигасын жеңіп, әлем футболын таңғалдырған еді.
Команданың басқа да ірі жетістіктері бар:
- Англия чемпионы: 2015/2016;
- Англия кубогының иегері: 2020/2021;
- Англия Суперкубогының жеңімпазы: 1971, 2021;
- Ағылшын лигасы кубогының үш дүркін иегері: 1964, 1997, 2000;
- Чемпионшиптың сегіз дүркін жеңімпазы.
Еурокубоктардағы нәтижесі
"Түлкілер" халықаралық аренада да бірнеше рет жоғары нәтиже көрсетті. 2016/2017 маусымында "Лестер Сити" Чемпиондар лигасының ширек финалына дейін жетті.
Ал 2021/2022 жылғы Конференциялар лигасында ағылшын клубы жартылай финалға дейін барып, турнирдің үздік төрт командасының қатарына енген.