ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ 27-тур

Футболшы емес, программист. АПЛ-да деректер жарысы басталды

Бұрын деректер қосымша құрал ретінде қолданылатын. Аналитик бапкерге есеп дайындайтын немесе қарсыластың ойынынан видеолар іріктейтін. Қазір клубтар деректерді тікелей шешім қабылдау процесіне енгізуді қолға алды.

Футболшы емес, программист. АПЛ-да деректер жарысы басталды
toplinestatistics.com

29 тамызда Financial Times "Football clubs race for data creates bright spot in Britain labour market" атты материал жариялады. Оған сай, 2026 жылы Премьер-лига клубтары жариялаған барлық бос жұмыс орындарының шамамен 5%-ы data & analytics саласына тиесілі. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп.

Financial Times-тың жазуынша, Ұлыбританияда еңбек нарығы қазір әлсіреп тұр. Бірақ футбол клубтары, керісінше, штат санын кеңейтуге кіріскен. Әсіресе, Брайтон, Ньюкасл және Манчестер Юнайтедті ерекше атап өтеді.

5% — тек Премьер-лигадағы көрсеткіш

Indeed Hiring Lab зерттеуіне сәйкес, Англияның алғашқы бес дивизионы мен Шотландияның төрт дивизионындағы кәсіби клубтарда дата-аналитиктердің үлесі соңғы жылдары 2 есе артқан. 

  • 2018 жылы — клубтардағы барлық вакансияның 1,5%-ы
  • 2026 жылы — 3,2%-ы.

ЕСКЕРТУ: Indeed Hiring Lab - Жұмыс іздеуге арналған ауқымды платформа құрған экономистер мен аналитиктерден тұратын халықаралық зерттеу тобы. 

2018 жылы кәсіби футбол клубтарына Ұлыбританиядағы әрбір миллион вакансияның шамамен 247-сі тиесілі болды.

2026 жылдың ортасына қарай бұл көрсеткіш миллион вакансияға 722-ге жетті. Яғни футбол клубтарының еңбек нарығындағы үлесі шамамен үш есеге артқан.

5% — тек Премьер-лигадағы көрсеткіш
Скриншот

Indeed бұл өзгерісті былай сипаттайды: бүгінде футбол клубы тек спорттық ұйым емес, сонымен бірге медиа, технологиялық, data және коммерциялық компания. Яғни футболшы клубтың негізгі қызметкері саналғанымен, басымдықты жанкүйерлер көрмейтін адамдар қалыптастыра түсуде. 

Бірақ сонша аналитиктің қажеті қанша? 

Бұрын клуб матч нәтижелерімен, соққы және пас санымен, скауттардың бақылауларымен жұмыс істейтін. 

Ал қазір:

  • event data — әрбір пас, соққы, допты тартып алу, қысым;
  • tracking data — 22 футболшы мен доптың қозғалысы (координаты);
  • физикалық деректер — жылдамдық, қарқын, серпіліс;
  • видео;
  • медициналық ақпарат;
  • жаттығу жүктемесі;
  • скауттық базалар;
  • келісімшарттар туралы ақпарат;
  • трансфер нарығының деректері;
  • академия туралы мәліметтерді өңдеу қажет. 

Premier League тіпті академияларға арналған орталықтандырылған Football Intelligence Platform жүйесін енгізді. Онда бапкерлік жұмыс, медицина, спорт ғылымы, операциялық қызмет, ойыншыларға қолдау көрсету және қамқорлық, білім беру бағыттары бойынша деректер біріктіріледі. Яғни клубтар ақпарат жинаумен емес, ауқымды деректер арқылы дұрыс шешім қабылдауға ден қойған. 

Мысал ретінде, Брентфорды алайық. Клубтың техникалық директоры Ли Дайкс футболшыларды іздеу процесін ашық көрсеткен. Брентфор шамамен 85 500 футболшыны бақылайды. Ал оларды қысқа уақытта позициялық профильге бөліп, сүзгіден өткізу бір адамның қолынан келмейтіні анық. Дәл осы жерде алгоритм әр позициядағы үздік кандидаттарға таптырмас құрал. Содан кейін ғана футболшының мінезі, келіссөздер мен бапкердің пікірі қосылады.

Бұрын скаут футболшыны тауып, содан кейін клуб оны зерттейтін болса, бүгінде арнайы модель қызық профильді тапқан жағдайда алдымен аналитик оны тексеріп шығады. Кейін ол скауттың қарауына өтеді. 
Осы принцип бойынша Англия премьер-лигасы Брентфордты өзгелерге үлгі санайды. 

Бірақ сонша аналитиктің қажеті қанша?
Скриншот

АПЛ-дегі дата-аналитик нақты немен айналысады?

Кристал Пэлас 2026 жылдың жазында негізгі командасына дата-аналитик іздеді. Қойылған міндеттемелерге көз жүгіртсек: 

  • Бүкіл әлем бойынша ойын деректерін талдау;
  • жаңа метрикалар жасау;
  • жаңа модельдер құру;
  • аналитикалық панель пен визуализация дайындау;
  • команданың ойынын талдау және ойыншыларды іріктеу бөлімдерімен жұмыс істеу;
  • ықтимал трансфер бойынша статистикалық зерттеулер жүргізу.

Ал талаптары дәстүрлі футбол скаутына қойылатын талаптарға мүлде ұқсамайды:

  • STEM degree;
  • Python және/немесе R;
  • Power BI;
  • data modelling;
  • заманауи football analytics-ті түсіну.
АПЛ-дегі дата-аналитик нақты немен айналысады?
Скриншот

Бұдан бөлек, ЖИ көмегімен жұмыс істейтін құралдарды қолдану білу артықшылық ретінде көрсетілген. 

Тағы бір мысал. 2026 жылдың шілде–тамыз айларында "Арсенал" әдеттегі аналитик емес, Research Engineer (Зерттеуші инженер) іздеді. Ол  ерлердің негізгі командасын талдайтын бөлім ішіндегі Деректерді талдау командасында жұмыс істейді. 

Басты міндеті — аналитиктер мен бапкерлер штабына арналған деректерге негізделген қосымшалар мен құралдар жасау.

"Манчестер Юнайтед" тіпті ары кетті. Data-ны жеке бағыт ретінде қарастырады. Яғни аналитиканың ауқымы футболдан да кеңірек.  

АПЛ-дегі дата-аналитик нақты немен айналысады?
Фото: news.sportbox.ru
  • Жанкүйерлердің CRM-базасы;
  • билет сату;
  • мерчандайзинг;
  • бағалар;
  • демеушілік;
  • цифрлық ортадағы белсенділік;
  • стадион;
  • маркетинг туралы деректер де жиналады. 

Брайтон мен Брентфордтың жолы

Бұл бағытқа басымдық берген алғашқы клубтар - Брайтон мен Брентфорд. Бірақ мұндай қадамға баруына не себеп болды? Жауабы қарапайым. Шағын клубтар көп жағдайда бай командалармен бәсекелесе алмайды. Әсіресе ойыншы трансферінде. Сондықтан аталған екі клуб аналитиканы алпауыттарға қарсы қару ретінде қолданып, футболшыларды өзгелерден дәлірек бағалауға көшті. Уақыт өте келе бұл тәсілдіғ тиімділігін ірі клубтар да көріп, үлкен аналитикалық бөлімдер құра бастады.

Бұрын футболдағы бәсеке алаңдағы ойыншылармен, бапкерлермен және трансферлік бюджетпен өлшенетін. Қазір оған тағы бір ресурс қосылды — дерек және оны дұрыс пайдалана алатын мамандар. Яғни футболдағы қарулану жарысы тек алаңда жүріп жатқан жоқ. Клубтар енді үздік шабуылшы мен бапкер үшін ғана емес, үздік математик, бағдарламашы және дата-аналитик үшін де бәсекеге түсіп жатыр.

Ал келесі сұрақ біз үшін одан да қызық: АПЛ клубтары тұтас деректер бөлімдерін құрып жатқанда, Қазақстан Премьер-лигасының клубтарында аналитика қалай ұйымдастырылған?

Бұл туралы не ойлайсыз?