Дастан Сәтпаев үшін "Бернли" қанша төлейді?
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың "Бернлиге" ауысуына қатысты қаржылық мәліметтер жарияланды.
“Бернли” Сәтпаев үшін қанша төлейді?
Transfermarkt порталының дерегінше, қазақстандық футболшы “Бернли” сапында 2026/27 маусымының соңына дейін жалға алу шартымен өнер көрсетеді. Жалға берілуі тегін емес. Ақпаратқа сәйкес, ағылшын клубы қазақстандық шабуылшыны бір маусымға алу үшін 350 мың еуро төлейді. Бұл сома шамамен 187,6 миллион теңгеге тең.
Осылайша Сәтпаев 2026/27 маусымын “Бернли” құрамында өткізіп, Англияда тұрақты ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік алады.
“Челси” мен “Бернли” трансферді ресми жариялады
Бұған дейін “Челси” мен “Бернли” Дастан Сәтпаевтың ауысқанын ресми түрде хабарлаған. Қазақстан құрамасының форварды жаңа командасының намысын 2026/2027 жылғы маусым бойы қорғайды.
Айта кетейік, Сәтпаевтың “Челсимен” келісімшарты 2033 жылға дейін есептелген.
Қазақстандық футболшы жалға берілер алдында лондондық клубтың Австралия мен Азияда өткен маусым алдындағы турына қатысты. “Вестерн Сидней Уондерерс” қақпасына гол соғып, “Челси” сапындағы нәтижелі ойынымен көзге түсті.